420,22 505.95 5.64
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

ШҚО-да кәсіпкерлерге негізсіз айыппұл салу деректері азаймай тұр

  • 523
  • UPD: 23:34, 24.11.2020
ШҚО-да кәсіпкерлерге негізсіз айыппұл салу деректері азаймай тұр

Шығыс Қазақстанда соңғы екі апта ішінде кәсіпкерлерге негізсіз айыппұл салу бойынша 7 шағым түскен, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл заңбұзушылықтар мониторингтік топ тарапынан жүргізілген рейдтер барысында анықталды. Мәселен Глубокое ауданындағы шағын ғана дүкеннің иесі дезинфекцилық құралды қолдану бойынша нұсқаулықтың болмағаны үшін 638 мың теңге айппұл төлей жаздаған. Алайда ол нұсқаулық сұйықтық құйылған ыдыстың сыртында жазылып тұрған екен. Соған қарамастан, кәсіпкерге ауқымды айыппұл төлейтіні туралы айтылған. Дәл осыған ұқсас жағдай Тарбағатай ауданы Ақжар ауылында да болды. Ол жерде сатушы тұтынушылар болмаған соң дүкенді жабар кезде бетпердесін шешіп қойған екен. Сол үшін айыппұл төлеушілер қатарына іліккен. Бұл жағдайға өңірдегі кәсіпкерлік палатасы мен прокуратура өкілдері араласып, мән-жайды анықтады.Осылайша, бірнеше кәсіпкер айыппұл төлеуден құтылды.

Әлия Мұқашева, облыстық кәсіпкерлік палатасы директорының орынбасары:

- Мониторингтік топ бүкіл құраммен жүруі керек.Топ мүшесінің тек біреуі ғана жүріп, ол жалғыз өзі түсініктеме жазғызып, барлық деректі тіркеп жүрсе, онда меніңше, жемқорлыққа жол берілуі мүмкін. Өйткені өздеріңіз байқап отырғандай, айыппұл мөлшері өте үлкен.

Хабар 24 телеарнасы