419,54 511.30 5.71
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Жезқазғанда үй қабырғасы жарылды

  • 107
  • UPD: 08:35, 25.11.2020

Жезқазған қаласындағы екі қабатты тұрғын үйдің қабырғасы сөгіліп жатыр.

Қауіптенген тұрғындардың кейбірі баспанасын тастап, көшіп кеткен. Ал техникалық сараптама жүргізген мамандар ескі үй жөндеуге келеді деп отыр. Бірақ ол жұмыс енді кімнің есебінен жүргізіледі? Үй қабырғасының жарылуына не себеп болды?

Тұрғындардың айтуынша, алты пәтердің арасында ең көп бүлінген – мына 4 бөлмелі баспана. Қазір қабырғадағы жарықтың көлемі шамамен 5 сантиметрге жеткен.

Ардақ Асылханұлы, тілші:

– Көріп тұрғандарыңыздай мына пәтердің қабырғасы күннен-күнге сөгіліп жатыр. Іргетасы шөккен соң тіпті едені де қисайып кеткен. Апатты үйде тұру қауіпті болған соң қожайындары қоныс аударуға мәжбүр болыпты.

Ал Антонина Сурусинаның пәтерінде алғашқы жарық пайда болғанда мамандар арнайы белгі қойып кеткен. Алайда санаулы күннің ішінде барлық бөлменің қабырғасы қақырай бастапты.

Мамандардың айтуынша, үйдің жертөлесіне су сырттан келеді. Сол маңда жерасты құбыры тесілген болуы мүмкін. «Қанша сорғанмен, қайтадан көлкіп кетеді», – дейді тұрғындар. Іргетасы сыз тартқан соң қабырға да сыр берген.

Нұрбала Махметова, Жезқазған қаласының тұрғыны:

– Жертөлеге су толған соң ол топыраққа кетеді. Одан басқа ол қалай жарылады? Оның үстіне қиылыста тұр. Өткенде қазу жұмыстары жүргізілді, құбырларды айырбастады. Жан-жақтан қазғанда содан топырақтың әсерінен кетті деп ойлаймын.

Қауіптенген тұрғандар ақша жинап, жуырда техникалық сараптамаға тапсырыс берген. Бір қызығы, олар үй жөндеуге келеді деген қорытынды шығарып отыр. Енді ол жұмыс тұрғындардың есебінен атқарылуы тиіс.

Алиса Сағымбаева, қалалық Тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы:

– Ай сайын қабырғаларға біз айрық қойып, анықтап отырдық. Осы күнде техникалық зерттеу өтті. Техникалық зерттеу бойынша бұл үйді күрделі жөндеумен қалпына келтіруге болады деген қорытындыны алдық. Қазақстан Республикасының «Тұрғын үй қатынастары» туралы заңына сәйкес күрделі жөндеу кондоминимум қатысушыларының өздерінің қаражатынан жүреді.

Жергілікті әкімдік мамандары үйді жөндеудің тағы бір жолын ұсынып отыр: «Тұрғын үй қорын жаңғырту» бағдарламасы арқылы несие алуға болады. Кейін жұмсалған қаражатты тұрғындар бірнеше жыл ішінде қайтаруы тиіс.

Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Василий Савкин, Аслан Демесбаев

Хабар 24 телеарнасы