420,67 511.30 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қосшыда қоғамдық көлік мәселесі шешілмей тұр

  • 136
  • UPD: 08:38, 25.11.2020

Елорда маңындағы елді мекен тұрғындары үшін қоғамдық көлік бас ауруға айналды.

Карантинде автобус саны азайып, таңғы аязда аялдамада тоңып тұруға мәжбүрміз дейді. Ал таксиге отыруға көпшіліктің қалтасы көтермейді.

Астана маңындағы 20-дан астам елді мекенге қатынайтын 68 автобус бар. Бірақ оның өзі жеткіліксіз. Мәселен, Қосшыдан орталыққа қарай №303, №302 және №320 қоғамдық көлік жүреді. Қосшы ауылының тұрғындары таңғы және кешкі қарбалас уақытта автобусты 30 минутқа дейін күтуге мәжбүрміз дейді. Іші лық толы көлікке сығылысып мінуге тырысады. Үлгермесе, таксиге отыруға тура келеді. Алайда оған барлығының бірдей қалтасы көтермейді.

Жанар Қадір, Қосшы ауылының тұрғыны:

- Автобус лық толы болады. 8 минут аралықта көп күтіп қаламыз. Таксидің бағасы да көтеріліп кетті.

Гүлдана Тасболатова, Қосшы ауылының тұрғыны:

– 10-15 минут күтеміз. Кейде 2 автобусты өткізіп жіберемін. Әсіресе кешкілікте қоғамдық көлік лық толы болады. Тіпті Қосшыға дейін сығылысып келеміз.

Наргиз Бекмағанбетова, тілші:

– 5 мыңнан астам тұрғыны бар Қосшы ауылына баратын қоғамдық көліктің ішінде тұрмыз. 302 автобуста ине шаншар орын жоқ. Сағат кешкі 19:00-ден бастап күнделікті жағдай осы. Тұрғындар наразы.

Құзыретті орган өкілдерінің айтуынша, 26 қарашадан бастап қоғамдық көліктерді көбейту жоспарда бар. Таяуда елді мекендерге қатынайтын автобус саны 97-ге дейін көбеймек. Ал автопаркте пандемия салдарынан аталған бағдарларға жүргізушілер азайған. Олар қысылтаяң кезде нәпақасыз қалып, жұмыс орнын ауыстырған. 

Мәди Сарбасов, Көлікті үйлестіру департаменті директорының орынбасары:

– Карантинге дейін 97 автобус 22 бағыт бойынша қызмет көрсетті. Қазір пандемия салдарынан 2 есе азайды. Қозғалыс аралығын 4 минутқа дейін қысқартуға тырысамыз. 26 қарашадан бастап №304 автобустан басқа №301-310 көліктердің санын арттыру жоспарлануда. Қазір 500-ден аса жүргізуші жетіспейді. Бұрын қала маңындағы елді мекендерге қатынайтын 200 жүргізуші болса, қазір 90 адам ғана қалды. Қазір біз жүргізушілерді іздестіріп немесе екі ауысымды етіп 30 бағытты қамтимыз. Орташа есеппен 250 мың теңге айлық алғанымен, айына 160 сағатқа шыдамайтын азаматтар бар.

Қазір елорда коронавирус инфекциясын жұқтыру көрсеткіші бойынша сары аймақта. Қалалық ведомствоаралық комиссияның шешімімен жексенбіде қоғамдық көліктер жүрмейді.

Авторлары: Наргиз Бекмағанбетова, Жандос Битабаров, Жандос Сұлтанғазы

Хабар 24 телеарнасы