430,57 515.14 5.65
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Есіл өзенінде балық аулап, сырғанақ тебуге қатаң тыйым салынды

  • 221
  • UPD: 08:40, 25.11.2020

Елордада төтенше жағдай саласының мамандары Есіл өзені жағалауында балық аулап, сырғанақ тебуге қатаң тыйым салды.

Мұзы әлі толық қатпаған айдын өте қауіпті. Тіпті ажал құштыруы мүмкін деп құтқарушылар тұрғындарды аса сақ болуға шақырып отыр.

Елорда тұрғыны Қасым Таукеновтің қоржыны әдетте бос қайтпайтын. Бұл жолы ауа райы қолайсыз болып, қармағына бірде-бір балық ілінбеді. Бұған көңілі құлазыған қария жоқ. Керісінше төтенше жағдай саласының өкілдерімен емен-жарқын әңгімелесіп, өткен-кеткен естеліктерін айтты. Дегенмен мамандар тарапынан 87 жастағы тұрғынға ескерту жасалды. Ол мұз үстіне құтқару кеудешесін кимей шыққан.

Қасым Таукенов, қала тұрғыны:

– Ленинград блакадасында болғанда Ладош көлімен азық-түлік тасыған. Қазір өзен мұзының қалыңдығы – 12 см. Сол кезде бір жарымдықты көтергенде, менің 90 кг салмағымды көтереді ғой деп балық ауладым. Енді балық ауланбай жатыр. Сендердің айтқандарың дұрыс, әрине.

Рауан Мыңбаев, тілші:

– Қазір Есіл өзені мұзының қалыңдығы – 10 см. Топ болып жүруге жеткіліксіз. Ол үшін мұздың қалыңдығы 15 см болуы тиіс. Жалпы осылай топ болып жүрген кезде бірқатар ережені ескеру қажет. Адамдар арасындағы арақашықтық 5-6 метр болуы тиіс. Сондай-ақ аяқты, міне, дәл осылай сырғытып жүрген жөн.

Құтқарушыларды көбіне балалардың жайы алаңдатады. Олар алғаш мұз қатқан сәттен бері мұнда сырғанақ тебеді. Кейбірі тіпті жағадан алысқа ұзап, өмірлеріне қатер төндіреді.

Бауыржан Бейсенқанов, қалалық Төтенше жағдайлар департаменті басқармасының басшысы:

– Біз балықшыларға, балаларға жадынама таратамыз. Онда мұздың үстінде қалай жүріп-тұру керектігін бойынша ережелер жазылған. Соңғы 2 жылда Нұр-Сұлтан қаласының аумағында қыс мезгілінде мұз астына түскен жағдайлар тіркелген жоқ.

Оқыс жағдай тіркелмесе де, қауіпсіздік ережелерін сақтау – ортақ міндет. Осы мақсатта мамандар өзен бойын жағалап, талаптың орындалуын қадағалап жүр. Бұл – қыс түскелі ұйымдастырылған 15-інші рейд. Төтенше жағдайлар жөніндегі департамент мұз үстінде әзірге қауіпті. Қатты аяз түсіп, қалыңдығы 15 сантиметрге жеткенде ғана алаңсыз жүруге рұқсат дейді.

Авторлары: Рауан Мыңбаев, Аян Сәрсембаев

 

Хабар 24 телеарнасы