420,29 511.30 5.69
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Оралдағы автожолдарға ақылы жүйе енгізіледі

  • 94
  • UPD: 15:45, 25.11.2020

Оралда ақылы автожолдарды енгізу бойынша қоғамдық тыңдау өтті.

Келешекте аталған өңірде Орал – Ақтөбе, Орал – Самара және Орал – Саратов бағытындағы күре жолдар жүк көліктері үшін ақылы болмақ. Мамандардың айтуынша, ақылы автожолдарды енгізу – әлемнің көтеген елдерінде бар тәжірибе. Батыс Қазақстан облысы да еліміздің халықаралық транзиттік күретамыры саналады. Мәселен, Орал – Ақтөбе немесе Орал – Самара аралығындағы жол арқылы тәулігіне 3 мыңнан аса жүк көлігі қатынайды екен. Бұл күре жолдарға үлкен салмақ түседі деген сөз. Сондықтан күре жолдарды қалпында ұстау арқылы аймақтың көлік логистикасын дамытуға, жолдардың бойындағы сервистік қызмет аясын кеңейтуге, жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік тумақ. Жолдағы қауіпсіздік мәселесіне де жағымды әсері болады. «Бастысы, жолдарды күтіп ұстауға қажетті қаражат ел бюджетінен емес, сол жүріп өткен көліктердің төлемақысынан алынады», – дейді мамандар.

Марат Камалов, қала тұрғыны:

– Дұрыс деп ойлаймын. Неге десеңіз машиналардың салмағы ауыр. Ауыр салмақты машиналар біздің жолдармен өткенде транзиттік жолдарды бұзады. Одан соң жолды бюджеттің қаржысымен жөндейді. Оған да ақша жете ме? Сондықтан ақылы болған дұрыс деп ойлаймын. Тіпті шетелдік көліктер де көп жүреді. Габариттері ұзын. Жиналған ақша сол жолды жақсартуға, жөндеуге кетсе, жақсы болады деп ойлаймын. 

Берік Хасенов, «ҚазАвтоЖол» ҰК АҚ өкілі:

– Қанша сапалы заттарды қолдансаң да, ауа райы әсерінен немесе артық салмақ тиеген жүк көліктерінен кейін шыдас бермейді. Сондықтан осы халықтың игілігіне салған жолдарды халыққа қаз-қалпында сақтау үшін ақылы жол енгізу туралы ұсыныс енгізіп жатырмыз. Себебі осы жолдан жиналған қаражат түгелімен қара жолды қалпында ұстап тұрғындардың игілігіне жарату үшін болып отыр.

Хабар 24 телеарнасы