421,91 511.30 5.59
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Павлодарда бұралқы иттер көбейіп кетті

  • 135
  • UPD: 15:49, 25.11.2020

Павлодар бұралқы иттерге толып кетті. Оларды қаланың әр бұрышынан кездестіруге болады.

Бұл әсіресе саяжай аумағының тұрғындарын алаңдатып отыр. Олар қаңғыбас аш иттер балаларға шабуыл жасай ма деп қауіптенеді.

Қарлығаш Қасиетова, тілші:

– Адамдардың аяғына оратылып жүрген мына сүйкімді күшіктердің әзірге ешкімге зияны тиіп жатқан жоқ. Балалар ойнайды. Өздері де әрі-бері жүрген адамдардың соңынан ереді. Бірақ қыстыгүні бұл күшіктердің әлсіздері аязға шыдамай, өліп қалуы ықтимал. Ал қыстан аман шыққандары бұралқы иттердің қатарын толтырады.

Бұған адамдардың өздері кінәлі. Жаз мезгілінде саяжайларды күзету үшін байлап, бағады. Ал күзде босатып жібереді. Аш иттер тамақ іздеп жеке меншік секторға келеді. Тобымен жүрген иттер адамдарға қауіп төндіреді.

Жанболат Ғазизов, дәрігер-травматолог:

– Осы айда 24 адам жүгінді. Жарақат алған науқастардың көбі көшеде кетіп бара жатқан кезде бейтаныс иттердің тістеуінен зардап шегіп келеді. Дер кезінде көмек көрсеткеннің арқасында құтырма ауруы ешқайсысынан анықталған жоқ. Яғни көлемді көмек көрсетілді. Вакцина егілді. Біз құтыру, дифтерия ауруларына қарсы да көмек көрсетеміз.

Соңғы 10 айда қалалық №1 аурухананың жарақаттану бөліміне ит қауып алған 425 адам жүгініпті. Олардың жартысынан көбі бұралқы иттерден зардап шеккен.

Жәнібек Жаңабаев, қала тұрғыны:

– Мына көше толған иттер. Атып өлтіру керек. Үшінші сыныпта оқып жатқан кішкене қызды иттер жабылып, көргендер арашалап алып қалды. 

Елена Недовизина, қала тұрғыны:

Иә, өте қорқынышты. Кішкентай балаларымыз бар. Егер шабуыл жасайтын болса, таяқпен де, жұдырықпен де қарсы тұра алмаймыз. Бір шешімін таппаса болмайды. Әрине, өлтіруге қарсымын. Ұрықсыздандыру тәсілін қолдану керек сияқты.

Иесіз ит-мысықтарды ұрықсыздандырумен тек жеке меншік клиникалар айналысады. Бір жануарға жасалатын процедураның құны – 8 мың теңге. Өткен жылы мемлекет есебінен тек 80 мысық пен 20 итке осындай шара қолданылған. Қалғанына мүмкіндік болмаған. Есесіне 3 мың ит, 1000-ға жуық мысықтың көзі жойылыпты. Бюджеттен қаңғыбас иттермен күреске жылына 23 млн теңге бөлінеді. Биыл алғаш рет иесіз иттерді жаппай атудан бас тартуға мән беріле бастады.

Марат Әбсалықов, облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:

– Біз бұл іске волонтерлерді қатыстырып отырмыз. Енді ит пен мысықтарды аулаған кезде иелерін іздеп табуға тырысамыз. Үй жануарларын ешкім алмаған жағдайда ғана ұйықтатуға тура келеді.

Бұл – Павлодардағы жаралы және панасыз қалған жануарларды оңалту орталығы. «Көкжал» атты мына итті қайырымды жандар әкеліп тапсырыпты. Шала-жансар күйде жол бойынан табылған итті осы мекеменің жетекшісі Марина Гребенкина қамқорлығына алған. Орталықта қазір 50 ит, 80 мысық бар.

Марина Гребенкина, Жаралы және панасыз қалған жануарларды оңалту орталығының жетекшісі:

– Олардың бәрінің жарақаттары бар. Адамдар күніне 15-20 рет қоңырау шалады. Далада қалған иттер мен мысықтардың бәрін бірдей сыйдыру мүмкін емес. Қазір бізде мыңдаған иттер қаңғырып жүр.

Марина Гребенкина басқаратын қоғамдық қор жеті жыл бұрын құрылды. Тек демеушілердің көмегімен жұмыс істейді. Ондағы 130 жануардың тамағына күн сайын кем дегенде 10 мың теңге жұмсалады. Орталық өкілдері «Жануарларды қорғау туралы» заңның керектігін айтады. Өйткені адамдардың жауапкершілігін арттырмай, қаңғыбас иттерден құтылу мүмкін емес.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Самат Оспанов, Жеңіс Темірболат

Хабар 24 телеарнасы