419,54 511.30 5.71
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

COVID-19: Оңтүстік Корея Қазақстан және Орталық Азия елдерімен ынтымақтастықты жалғастырады

  • 162
  • UPD: 00:22, 26.11.2020

Бұл туралы Сеулде өткен «Корея-Орталық Азия» ынтымақтастық форумында айтылды.

Владислав Цой, тілші:

– 13-ші Корея-Орталық Азия ынтымақтастық форумының басты тақырыбы – коронавирус індетімен күрес. Коронавирус салдарынан іс-шараға қатысушылар саны 50-ге дейін шектелді. Қоғамдық арақашықтық қатаң сақталынды. Өйткені Корея пандемиямен күресуде әлемдегі алдыңғы қатардағы елдер арасында болғанымен, бүгін 372 адам індет жұқтырыпты.

Форумды қабылдаушы ел – Корея Орталық Азиядан келген өкілдерге әлеуметтік арақашықтықтың үлгісін көрсетті. Залдағы орындықтардың арасы 1 метрден болды. Делегаттардың арасы пластмассадан жасалған аралық қабырғалармен бөлінген. Әр спикерден кейін микрофон зарарсыздандырылып отырды. Елінің атынан сөз алған Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді қазақстан да COVID-19-қа қарсы күресте жетістіктерге жеткенін, отандық ғалымдардың вакцина жасап жатқанын да мәлімдеді.

Мұхтар Тілеуберді, ҚР сыртқы істер министрі:

Қазақстандық ғалымдар жасаған COVID-19-қа қарсы вакцина Дүниежүзілік Денсаулық сақтау Ұйымының тізіміне енгізілген және клиникалық сынақтардан сәтті өтіп жатыр. Осы форматтағы ынтымақтастықтың тағы бір маңызды бағыты медициналық персоналды қорғау болуы мүмкін. Қабылданған шаралардың тиімділігінің арқасында Кореяда жұқтырған медициналық қызметкерлер саны 2% құрады. Әлем бойынша бұл көрсеткіш орташа алғанда 10% құрайды.

Форум ұйымдастырушыларын мазалайтын тек коронавирус мәселесі ғана емес. Олар Солтүстік Кореямен де бейбіт өмір сүрсек деген ниетте. Оңтүстік Корея Сыртқы істер министрі Кан Ген Хва Байден АҚШ-тың билік басына келгеннен кейін, Сеул мен Пхеньян арасындағы қарым-қатынас нашарлап кете ме деп алаңдайды.

Кан Ген Хва, Корея республикасының сыртқы істер министрі:

– Біз екі Корея арасындағы және Солтүстік Корея мен Америка Құрама Штаттарының өткізген саммиттерінің жетістіктерін жоққа шығара алмаймыз. Түбектің айналасында түрлі сенімсіздіктер болғанымен, біз алға қадам басу үшін диалогтағы күш-жігерімізді тоқтатпауымыз керек. Корей түбегіндегі бейбітшілік пен өркендеу – бұл бүкіл Еуразия континентінде бейбітшілік пен ортақ өркендеудің жолы. Мен Орталық Азия елдерінен қолдауды және ынтымақтастықты жалғастыруды сұраймын.

Форум аясында Оңтүстік Корея сарапшылары Орталық Азиядағы әріптестерімен онлайн-семинарлар өткізді. Олар коронавирусқа байланысты денсаулық сақтау, стандарттау, қашықтан білім беру және қоршаған ортаны қорғау тақырыптарын қамтыды. Тараптар тәжірибе алмасуды жалғастыра береді. Пандемия жағдайында да қазақстандық дәрігерлер Кореяға біліктілігін арттыру үшін баратын болады.

Авторлары: Владислав Цой, Ольга Лян

Хабар 24 телеарнасы