419,54 511.30 5.71
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Павлодарда қоғамдық көлік жүргізушілері наразылық білдірді

  • 107
  • UPD: 23:30, 26.11.2020

Игорь Колесников 35 жыл бойы жолаушы тасымалдаумен айналысады.

10-ыншы маршруттағы автобусты жалға алудың бір күндік бағасы 10 мың теңгеге жуық. Оған қоса дизель отынына қаражат қажет. Тәжірибелі жүргізуші карантин кезінде шығындарды өтеу қиынға соққанын айтады.

Игорь Колесников, автобус жүргізушісі:

– Тәулігіне 16 сағаттан жұмыс істейміз. Карантин салдарынан жолаушылар легі күрт азайды. Нәпақамыз да азайып, шығынымыз көбейді. Күніне 4-5 мың ақша табатын халге жеттік. Оның өзін кондуктормен бөлісу керек. Бұл жалақы ма? Салық төлеуім керек.

Бұған шыдас бермеген қалалық маршруттардың 25 жүргізушісі мен кондукторы шу шығарды. Талап бір: автобустарды жалға алу құнын төмендету.

Николай Погребнюк, №1 автобус паркі директорының орынбасары:

– Бізді қайта-қайта қорқыта беру дұрыс емес. Жалға алу құнын тағы төмендетуге мүмкіндік жоқ. Төмендетсек, банкротқа ұшыраймыз. Паркіміздің өзге шығындары да бар. Автобустарды жуу, жүргізушілерге қызмет көрсету, диспетчерлердің жалақысы бар. Дегенмен, мәселе назарымызда. Алдағы уақытта жергілікті әкімдікке ресми хат жолдаймыз.

Автобус паркі 12 бағыт бойынша қызмет көрсетеді. Олардың ішінде дизельмен жүретін автобустар және электробустар бар. Қос тараптың түсінбеушілік салдарынан қала тұрғындары зардап шекті.

Жолаушылардың амалы қанша? Күтуге мәжбүрміз. Осындай жағдайға жол берілмеу керек. Қайта күн суыта қойған жоқ. Аяз болса ше?

Жолаушылар тасымалында мәселе көп. Бұған дейін қоғамдық көліктердің бағыттары өзгертілді. Оған үйренгенше қанша уақыт өтті. Енді бұл жағдай. Жолаушылар зардап шекпесе екен.

Қалалық Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің мәліметінше, дизельмен жүретін автобусты жалға алу құны күніне – 6000 теңге, ал электр энергиясымен жүретін көлікті жалға алу 20 мың теңгеге жетеді. Бұл қаражат автобус паркі қызметкерлерінің жалақысы, салық пен қосалқы бөлшектерді сатып алуға жұмсалады.

Игорь Рыбас, қалалық ТҮКШ бөлімі басшысының м. а.:

– Автобус паркі дизель отыны, электробустарды қуаттандыру, көліктерді жөндеу шығындарын субсидиялайды. Бұған дейін автобусты жалға алу бағасы бірнеше рет төмендеді. Нақты шешім қабылдау үшін экономикалық есептеулер жүргізу керек. Сонда ғана қарастырамыз.

Автопаркке әлеуметтік санатқа жататын тұрғындарды тасымалдау шығындарын өтеуге бір айда 8,2 млн теңге төленеді. Бірақ пандемия салдарынан өтемақы көлемі 6 млн теңгеге төмендеп кеткен. Бұл да жағдайды қиындатып жіберді. Алдағы уақытта тасымалдаушы ұйым Павлодар қаласының әкімдігіне шағым айтып, көмек сұрамақ.

Авторлары: Ақмарал Есімханова, Самат Оспанов, Жеңіс Темірболат

Хабар 24 телеарнасы