420,29 511.30 5.69
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Сарысуда бірнеше жоба жүзеге асырылып жатыр

  • 113
  • UPD: 23:29, 26.11.2020

Жамбыл облысының Жаңатас қаласындағы жарты ғасыр бойы жөндеу көрмеген инфекциялық аурухана қайта жаңғыртылды.

Қазір іші-сырты толықтай жаңартылып, заманауи медициналық қондырғылармен жарақтандырылған.

Дәрі-дәрмек қоры жасақталып, пандемияның екінші кезеңіне сақадай сай тұр. Сарысу ауданында осы сияқты бірқатар әлеуметтік нысан қалыпқа келтіріліп, шалғай ауданның экономикасына серпін беретін бірнеше жоба жүзеге асырылып жатыр.

Сарысу ауданында қазір коронавирус жұқтырған адам тіркелмеген. Алайда мұнда алдын ала 50 орындық инфекциялық аурухана бөлімшесі дайын тұр. Биыл ескі емдеу мекемесі күрделі жөндеуден өткізіліп, қажетті медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Ерекшелігі: әр науқасқа жеке бөлме қарастырылған. Төсектер оттегі концентратына орталықтандырылған түрде қосылады. Бұл індет жұқтырып, тынысы тарылған науқастарға дер кезінде жәрдем көрсетуге мүмкіндік береді.

Әлия Қырғызбаева, Сарысу аудандық орталық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары:

– Тоғыз ӨЖЖ аппараты бар. Антикогулянттар фраксипорин, гепорин олар бізде 45 күнге жететін қорымыз бар. Біз қосымша «СК-Фармацияға» сұраныс бергенбіз. Осы қараша айында келеді.

Сарысу ауданына 2022 жылға қарай газ кіреді. Қазір автоматтандырылған газ реттегіш станцияның құрылысы жүріп жатыр. Одан 14 шақырым құбыр тартылып, Жаңатас қаласына қарай жақындап қалды. Жоба жүзеге асса, 14 елді мекен көгілдір отынмен қамтылмақ.

Есенгелді Бисебеков, Сарысу аудандық ТҮКШ бөлімінің басшысы:

– Үш жылдық жоба. Сондықтан да қаржы көлеміне сәйкес кезең-кезеңімен жұмыстар жүргізілуде. Бірінші кезекте Жаңатас қаласына кіргендіктен, қаладан бастап газ кіргізілетін болады.

Сонымен қатар Жаңатас қаласында тоқырау жылдары бос қалған үйлер қайта жөнделіп жатыр. Жаңғыртылған көпқабатты үйлер баспана кезегіндегілерге беріледі.

Ерлан Имашев, Сарысу ауданы әкімінің орынбасары:

– Соңғы 5 жылда 13 үй пайдалануға берілген. Қайта жөндеуден өті. Енді 1 желтоқсанда екі үй пайдалануға беріледі.

Ауданда Орталық Азияда теңдесі жоқ жел электр станциясы салынып жатыр. Қазір мамандар алғашқы кезеңін іске қосу үшін сынақтан өткізуде. Толық іске қосылса, қауқары 3 ауданды электр энергиясымен қамтамасыз етуге болады.

Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Тимур Сейілхан, Руслан Ахатіллә

Хабар 24 телеарнасы