419,54 511.30 5.71
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Көкшетаудағы ірі кәсіпорындар тұрақты әрі табысты жұмыс істеп келеді

  • 115
  • UPD: 23:45, 26.11.2020

Көкшетаулық ірі кәсіпорындар пандемияға қарамастан тұрақты жұмыс істеп келеді.

Кейбірі тіпті өндіріс көлемін арттырмақ ниетте. Мәселен, облыс орталығындағы кірпіш зауыты жақында қосымша 30 млн дана өнім шығаратын жаңа желіні іске қосады. Ал Көкшетау сүт зауыты енді өнімнің тың түрлерін игереді. Машина жасау саласында да көңіл қуантарлық жаңалықтар көп.

Көкшетауда комбайн зауыты бар. Мұнда аталған техниканың екі түрі өндіріледі. Сонымен қатар оларға қажетті кейбір қосалқы қондырғылар да осында дайындалады. Өндіріс ошағы биыл 500-ге жуық комбайн шығарды. Жұмыс әсіресе орақ науқанының қарсаңында қызған. Ал техникалардың барлығы шаруаларға қолжетімді болу үшін лизингке беріледі.

Виталий Кун, зауыт директорының орынбасары:

– Келесі жылдан бастап біз өнімнің қазақстандық үлесін арттыру үшін бірқатар станок сатып алмақшымыз. Нәтижесінде бірнеше бөлшекті осында өндіруге мүмкіндік туады. Қазірдің өзінде техникаларымыз сұранысқа ие. Комбайн дайын болған соң бірнеше күннен кейін-ақ сатылып кетіп жатыр.

Ал мұнда 120 адам еңбек етеді. Олар күніне 10 шақты комбайн құрастырып шығаруда. Жұмысшылардың қатары алдағы уақытта 200-ге жетеді дейді зауыт басшылығы. Себебі тағы бір жаңа желі іске қосылмақ.

Жалпы машина жасау саласы бойынша қалада 3 бірдей ірі кәсіпорын бар. Олар комбайн, жүк көліктерін және тракторларды шығарады. Барлығы да табысты жұмыс істеп келеді. Жалпы жыл басынан бері қаланың кәсіпорындары 125 млрд теңгенің өнімін өндірген.

Андрей Подгурский, қалалық кәсіпкерлік бөлімінің жетекшісі:

– Мәселен, «КАИК» ЖШС 3 жыл қатарынан тұрақты жұмыс істеп келеді. Трактор мен оның тіркемесін, сондай-ақ түрлі ауыл шаруашылығы техникаларын шығарады. Аталған кәсіпорын да биыл жаңа желінің құрылысын бастады. Яғни енді техникалар көбейіп, жұмысшылар қатары артады.

Жалпы Ақмола облысында қазір 15 іргелі кәсіпорын бар. Олардың көбі алтын өңдеу, машина жасау және құрылыс саласы бойынша жұмыс істейді. Ал аталған өндіріс ошақтарында жергілікті 20 мыңнан астам адам тұрақты еңбек етіп жүр.

Авторлары: Дамир Берікұлы, Евгений Шинкаренко

Хабар 24 телеарнасы