420,29 511.30 5.69
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Атыраудағы 2003 жылы апатты деп танылған үйден тұрғындар көше алмай отыр

  • 97
  • UPD: 09:32, 27.11.2020

Атырау қаласының Бейбітшілік көшесіндегі 64 және 66 қос үй 2003 жылы апатты деп танылғанымен, ондағы тұрғындар әлі көше алмай отыр.

Қабырғасы қақырап, іргесі сөгіліп, төбесі тесілген үйде тұру мүмкін емес. Апатты жағдайдағы екі үйдің әр қайсысы – 16 пәтерлік.

Надежда Тапиева 30 жылдан астам уақыт дәл осы үйде тұрып жатыр. Соңғы 10 жылдағы жағдай мүлде нашарлап кеткен. Қабырғасы қақырап, төбесі сөгіліп тұрған үйде үреймен күн кешуде. Шатыры шашылған бұл баспананың жаңбыр жауса, жағдайы нашарлайды. Ыстық су мүлде жоқ. Жылу берілгенімен, күн суытса, оның да қайырын көру мүмкін болмай қалады екен. Әкімдіктегілердің әңгімесіне тойдық дейді тұрғындар.

Надежда Тапиева, қала тұрғыны:

– Өмірімізге зиян, қорқынышты. Біз зейнеткерміз. Мен осы пәтерді 1987 жылы алдым. Жөндеу жұмыстарын барынша өзіміз жасап жатырмыз. ЖКХ беріледі, сіздер барсыздар, биылғы жылы беріледі деп еді. Жылдың аяғы болды. Шыдамның да шегі бар. Қысымыз қалай болады, мысалы?

60 жыл бұрын салынған тұрғын үйдегі суық судың да құбыры ашық-шашық жатыр. Күн қатты суытқан мезгілде құбыр қатып қалып, тіршілік нәрінен тарыққан кездер де болыпты. Тіпті кейбірі тұра алмағасын басқа пәтер жалдауға мәжбүр болған. Мұнайлы қаланың қақ ортасында тұрып, қайыршыдай күн кешіп жүрміз деп налиды, тұрғындар.

Асланбек Шығыр, тілші:

– Мұнда кіріп-шыққан әр адам дәл осы жерден жанын шүберекке түйіп өтеді. Төбесі сөгіліп тұрған үйдің астында көміліп қаламыз ба деп қорқады. Қалалық және облыстық әкімдіктің табалдырығын тоздырған тұрғындардың барар жері, басар тауы қалмаған.

Тұрғын үйлер апаттық деп танылғаннан кейін әкімдіктегілер оларды басқа жерге көшіруге ұсыныс беріпті. Алайда ұсынылған ықшам аудандарда орыс мектебінің болмауы кейбір тұрғындардың көшуіне кедергі болған. Ал қазір ескі үйлердің орнына жаңа тұрғын үй салу үшін инвесторлар іздеп жатырмыз дейді жауаптылар. Алайда оның қашан табылып, құрылыстың қай уақытта басталатыны әлі белгісіз.

Рафхат Жолдиев, қалалық ТҮКШ тұрғын үй секторының меңгерушісі:

– Біз бұл кісілердің арызына жауап ретінде пәтерді ұсынып отырмыз. Балықшы ықшам ауданында қалып, сол жерден үй салып беруді талап етіп отыр. Дегенмен қалада да, Нұрсая ықшам ауданында да, Береке ықшам ауданында үйлер салынып жатыр. Мүмкіндігінше, сол үйлерден ұсынатын боламыз алдағы уақытта. Жыл сайын бұл кісілер арызданады.

Жыл сайын арызданатынын жауаптылар да растап отыр. Алайда, мәселе әлі шешімін таппай келеді. 17 жыл бойы апатты үйде тұрып келген тұрғындар енді не істерін білмей дал.

Авторлары: Асланбек Шығыр, Амантай Мәтенов, Жандос Рахметуллин

Хабар 24 телеарнасы