419,69 511.30 5.67
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Азаматтық форум: елордада үздік үкіметтік емес ұйымдар марапатталды

  • 100
  • UPD: 15:57, 27.11.2020

Бүгін елордада ІХ азаматтық форум жұмысы аяқталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Еліміздегі эпидемиологиялық жағдайға байланысты биыл форумның басым бөлігі онлайн өтті. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл іс-шараның ауқымын кеңейте түсті. Өйткені жиынға қатысу ірі қалаларда ғана емес, шалғай аудандарда да қолжетімді болған. Нәтижесінде азаматтық қоғам апталығын бас-аяғы 20 мың адам қараған.

Сұхбат алаңындарында үкіметтік емес ұйымдар, жергілікті билік өкілдері және қоғам белсенділері бас қосты. Іс-шараның қорытынды отырысына қатысқан мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев қоғамдағы әлеуметтік мәселелерді шешуде қайырымдылықтың орны ерекше екенін айтты. Ал осы бағытты дамыту үшін ол меценаттық пен қайырымдылық туралы заң қабылдауды қарастыру керектігіне тоқталды. Сондай-ақ қала мен ауылдардағы азаматтық белсенділік деңгейін теңестіруге шақырды.  

Қырымбек Көшербаев, ҚР мемлекеттік хатшысы:

– Ауыл мен қала балаларының аражігін алшақтатпай, екеуіне бірдей деңгейде көңіл бөлінуі тиіс. Әрине, аймақтардағы ұйымдастырушылық, қаржылық, кадрлық әлеует бәрінде бірдей тең емес. Бірақ біз барлық мүмкіндікті қарастырып, бірінші кезекте, ауылдық мәдениет, спорт үйірмелерін дамытуға күш салуымыз қажет.

Аида Балаева, ҚР ақпарат және қоғамдық даму министрі:

– Форум барысында түрлі деңгейде 40-қа жуық диалог алаңы ұйымдастырылды. Орталық мемлекеттік органдардың бірінші басшылары деңгейінде 12 кездесу өткізілді. Форум қорытындысы бойынша 650-ден астам нақты ұсыныс түсті. Бұл орайда ІХ азаматтық форум жұмысы жемісті болды деп айтуға негіз бар.

Азаматтық форум аясында білім, мәдениет, спорт саласында еңбек етіп жүрген үздік үкіметтік емес ұйымдар марапатталды. Жеңімпаздарға құттықтау қағазы мен сыйақы берілді.

Нұргүл Ұлжекова, «Тең мүмкіндіктер әлемі» қоғамдық қорының директоры:

– «Тең мүмкіндіктер әлемі» қоғамдық қоры ерекше білімді қажет ететін балаларды спорт арқылы қоғамға тартумен айналысады. Біз қазір Қазақстанның тоғыз қаласында инклюзивті бейімдік спорт секцияларын аштық. Қазіргі таңда түрлі диагнозы бар балалар осы секцияларға тегін қатысып жүр. Осы марапатқа ие болғаныма өте қуаныштымын.

Хабар 24 телеарнасы