Елордадағы Жедел басқару орталығының маманы жемқорлыққа қатысты күдікке ілінді, деп хабарлайды «Хабар 24».
Ол жол ережесін бұзғандарға салынған айыппұлды жүйелі түрде жойып келген. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Нұр-Сұлтан қаласы бойынша департаментінің басшысы Шыңғыс Қабдулла мәлімдеді. Оның айтуынша, орталық қызметкері «Сергек» камералары тіркеген 268 әкімшілік заң бұзу дерегін жойған. Оларға салынған айыппұлдың жалпы сомасы 3 миллион теңге. Іс сотқа жіберілді. Қылмысқа қатысы бар өзге тұлғаларға қатысты тергеу жалғасып жатыр. Сонымен қатар «Астана – аймақтық электр желілері компаниясының» лауазымды тұлғаларына қатысты тергеу аяқталды. Олар электр энергиясының шығыс көрсеткішін азайтып көрсетіп, қаржы жымқырған.
Шыңғыс Қабдула, ҚР СЖҚІА Нұр-Сұлтан қаласы бойынша департаментінің басшысы:
- «Астана – аймақтық электр желілері компаниясы» мен электр энергиясын тұтынған коммерциялық ұйымның лауазымды тұлғалары қылмыстық жауапқа тартылады. Олардың іс-әрекеті Қылмыстық кодекске сай әшкереленді. Келтірілген шығын мемлекет бюджетіне толық қайтарылды.