419,54 511.30 5.71
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қосшы қашан елордаға қосылады?

  • 118
  • UPD: 21:46, 27.11.2020

Елорда іргесіндегі кейбір ауылдардың әлеуметтік мәселесі алдағы екі жылда шешілуі тиіс.

Бұл туралы Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев халыққа есеп беру кезінде айтты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Өңір басшысы Қосшы және Қызылсуат ауылдарында қордаланған проблемаларды шешу барысына тоқталды.

Ақмола облысының Қосшы ауылын елорда аумағына қосу туралы сұрақ Ұлттық халық санағынан кейін қаралады. Қазір аталған елді мекенде шамамен 50 мыңнан астам адам тұрып жатыр. «Алайда ресми құжаттар бойынша ондағы халық саны 36 мыңға жуықтайды», - дейді облыс әкімі Ермек Маржықпаев. Өңір басшысы Целиноград ауданына қарасты Қызылсуат ауылы туралы да айтты.

Ермек Маржықпаев, Ақмола облысының әкімі:

- Қызылсуат ауылы туралы айтатын болсам, ол жақта расымен де әлеуметтік мәселелер жеткілікті. Бірақ соңғы 2 жыл ішінде 150 үй электр қуатымен қамтылды. Ендігі кезекте қасында пайда болған шағын ауданды да электр желісіне қосамыз. Қазір жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп жатыр. 2021 жылы 20 шақырым жол жөнделеді. Ал ауыз сумен қамтамасыз ету проблемасы шынында да күрделі. Алдағы уақытта Қарағанды облысынан елордаға қарай су құбыры тартылуы қажет. Біз әзір осы жобаның аяқталуын күтуге мәжбүрміз.

Естеріңізде болса, өткен аптада Парламент Сенатының пленарлық отырысында өкпені жасанды желдетуге арналған отандық аппараттардың сапасы бойынша сын айтылған еді. Сол кезде Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мен Қазақстан машина жасаушылар одағы теріс ақпаратты жоққа шығарды. Облыс әкімі Ермек Мыржықпаев та карантин кезінде атқарылып жатқан шараларға тоқтала келе, жергілікті «Тыныс» зауытында шығарылатын медициналық құрылғылардың сапасына шүбә келтірмеді.

Ермек Маржықпаев, Ақмола облысының әкімі:

- Біздің зауыттың сапасыз өнім шығаруға еш қатысы жоқ. Өкпені жасанды желдетуге арналған 800 аппарат өндірілді. Оның ішінде 650-і медициналық мекемелерде қолданылып жатыр. Жергілікті өндіріске қатысты ешқандай шағым түспеді.

Айта кеткен жөн, жыл басынан өңір экономикасына шамамен 300 млрд теңге қаржы құйылды. Бұл былтырғы көрсеткіштен 23%-ке жоғары. 20 мыңнан астам кәсіпкерлік субъект салық жеңілдігін алып, олардың несие төлеу мерзімі кейінге шегерілді. Шағын және орта бизнестің тамырына қан жүгірту үшін 7 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді. Карантинге байланысты «Біргеміз» қоры арқылы 2 млрд теңгеге жуық қаржы әлеуметтік осал топқа кіретін 26 мың азаматқа бағытталды.

Авторы: Мирлан Алтынбек

Хабар 24 телеарнасы