419,54 511.30 5.71
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

2025 жылға дейін ШҚО-ның ауылдары 100% орталықтандырылған су жүйесімен қамтылмақ

  • 99
  • UPD: 23:25, 27.11.2020

Биыл Шығыс Қазақстандағы елді мекендерде 20 мыңға жуық тұрғын ауызсумен қамтылады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Өңірде барлығы 683 ауыл бар. Соның 80%-тен астамы тіршілік нәріне қосылған. Жыл соңына дейін атқарылатын жобаларды ескерсек, сапалы ауызсуға қол жеткізген ауыл-аймақ қатары арта түспек.

Осыдан бес жыл бұрын өлкеде ауызсумен қамту мәселесіндегі көрсеткіштер көңіл көншітпегені рас. Дегенмен, қазір бұл тұрғыда қыруар істер атқарылып жатыр. Өйткені аталған саланы дамытуға бөлінген қаражат мөлшері де артты. Осылайша, іс алға басып ауызсуға қол жеткізген ауылдар саны көбейді.

Даниал Ахметов, облыс әкімі:

- Егер 2015 жылы қаржыландыру тек 7 миллиард теңге болса, қазір ол 9 есеге өсіп, 62 миллиард теңгеге жетіп отыр. Осыдан бес жыл бұрын тек 65%-тен астам ауыл ауызсумен қамтылған еді. Бұл әрине, мақтанарлық емес. Ал қазір елді мекендерді сумен қамту көрсеткіші 82%-ті көрсетті. Жұмыс әлі де жалғасатын болады.

Биыл 139 ауылда жоба жүргізілді. Мәселен Күршім ауданындағы Қалжыр, Марқакөл ауылдарына су құбыры тартылды, ал Тарбағатайдағы Тұғыл ауылы ауызсуға қосылып, игілігін көре бастады. 50-200 тұрғын ғана бар шағын ауылдар да ұмыт қалып жатқан жоқ. Ондай жерлерге блок-модульді станциялар қойылуда.

Нұрлан Рамазанов, облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасы басшысының орынбасары:

- Жалпы Шығыс Қазақстан облысы бойынша 2011 жылдан бастап 103 миллард теңгеге ақша бөліп 299 жоба іске асырылды. Қазір бізде 683 ауылдың 462-сінде орталықтандырылған ауыз су бар. Жылдың соңына дейін біз 91 жобаны іске қосамыз, 50 блок-модульмен қосқанда.

Келесі жылы облыста тағы 44 елді мекенде ауызсу тарту бойынша жұмыс істеледі. Ал 2025 жылға қарай бұл бағыттағы жобалар толық аяқталып, ауызсуға зәру ауыл болмауы тиіс. Өңірде қабылданған шаралардың негізгі мақсаты осы.

Авторлары: Эльмира Ахмеова, Жігер Бабаханов

Хабар 24 телеарнасы