430,69 515.14 5.65
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Павлодарда COVID-19 жұқтырған 200-ге жуық әйел жазылып шықты

  • 211
  • UPD: 09:08, 28.11.2020

Павлодар облысында пандемия басталғалы бері 181 жүкті әйел коронавирустық инфекция жұқтырған.

Сонымен қатар 200 келіншек пневмонияға шалдыққан. Бүгінгі күнге дейін олардың басым бөлігі аурудан сауығып, дәрігерлердің бақылауына алынған. Қуантарлығы сол, бірде-бір өлім-жітім дерегі тіркелген жоқ. «Бұл акушерлік-хирургиялық қызмет сапасының жоғары екенін дәлелдейді», – дейді сала мамандары.

Павлодар қаласының тұрғыны Әйгерім жүкті кезінде коронавирустық инфекция жұқтырып алған. Тамағын жөтел қысып, демалуы қиындағандықтан, дәрігерлердің көмегіне жүгінді. Сол сәттен бері мамандардың бақылауында.

Әйгерім, қала тұрғыны:

– Балам үшін қорықтым. Дәрігерлер ем тағайындаған соң жағдайым жақсарды. Оған қоса күйзеліске ұшырадым. Мамандардың айтқанын мүлтіксіз орындадым. Соның арқасында босануым қиындықсыз өтті. Енді қыз баланың анасымын. Дәрігерлерге алғысымды айтамын.

Павлодар қалалық №1 ауруханасы жанындағы инфекциялық акушерлік-хирургиялық госпиталь осы жылдың наурызында ашылды. Сол сәттен бері коронавирус жұқтырған 70-тен астам әйел босанып шықты. Жедел зерттеу нәтижесінде төрт нәрестеде коронавирустық инфекция расталды. Абырой болғанда, бәрі барлығы індеттен айықты. 34 жылдық еңбек тәжірибесі бар Орал Жөкебаев тәулік бойы жұмыс істеген күндердің болғанын айтады.

Орал Жөкебаев, жоғары санатты акушер:

– Екінші толқындағы басты мақсатымыз – өлім-жітімге жол бермеу. Бүгінде госпитальде 30-ға жуық маман тынымсыз еңбек етіп жүр. ЖРВИ немесе пневмония жұқтырған науқастар түсіп жатыр. Оларға сапалы көмек көрсетеміз. Ең бастысы, науқастар көмекке дер кезінде жүгінсе болғаны. Қазіргі уақытта коронавирустық инфекция жұқтырған бір әйелді қабылдадық. Ем-дом шараларын алып жатыр.

Өңірде алғашқы толқындағы жағдайды қайталамас үшін қатемен жұмыс жүргізілді. Дәрі-дәрмектің жетіспеуі, маман тапшылығы және медициналық ұйымдарды құралдармен қамту мәселелері шешілді.

Айдар Сейітқазинов, облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

– Жағдай ушықса, провизорлық гсопитальдердің жанындағы 3600 төсек-орынды іске қосуға мүмкіндік бар. Қор жетпесе, шипажайларда жаңа орындарды ашамыз. Мамандар тамшылығы бойынша мәселе жоқ. Жас қызметкерлер шақырылды. Ал жаңа провизорлық госпитальдер ашылса, тағы 500 маманды жұмылдырамыз. Бірінші толқындағы қателіктерге жол бермеуге тырысамыз.

Аймақта жағдайды бақылауда ұстау мақсатында реаниматолог, инфекционистер мен пульмонологтардан мониторингтік топтар құрылды. Білікті мамандар аурудың ауыр түрі бойынша халыққа кеңес беруде. Оған қоса мобильді топтардың саны артты.

Авторлары: Ақмарал Есімханова, Жеңіс Темірболат

Хабар 24 телеарнасы