420,67 511.30 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Түркістан облысында сервистік әкімдік орталығы ашылды

  • 133
  • UPD: 15:30, 28.11.2020

Түркістан облысының Шардара ауданында кезекті сервистік әкімдік ашылды.

Жаңа орталықтың мақсаты – мемлекеттік қызметтің сапасы мен халықтың цифрлық сауаттылығын арттыру және сыбайлас жемқорлықтың алдын алу. Жаңа нысанның ашылу рәсіміне Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департамент басшысының орынбасары Мирас Қарғабай мен Шардара ауданының әкімі Қайрат Жолдыбай қатысты.

Жаңа орталықтың мүмкіндіктерімен танысқан департамент басшысының бірінші орынбасары Мирас Қарғабай халыққа барынша қолайлы жағдай жасап, ашықтық пен жариялылықты қамтамасыз етуде сервистік әкімдіктің маңызы зор екенін атап өтті. Сондай-ақ мемлекеттік қызметтерді кедергісіз алуда жергілікті тұрғындар үшін тиімді екенін жеткізді.

Мирас Қарғабай, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің түркістан облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары:

– «Сервистік әкімдіктің» басты мақсаты – халыққа ыңғайлы жағдай жасау. Ел арасында қызмет көрсететін, сұранысқа ие мемлекеттік мекемелерді бір жерге шоғырландыру, азаматтарға ыңғайлы жасау. Сонымен бірге күту орны, электронды кезек мәселесін шешу сияқты істерді қамтиды. Сол арқылы халықты әуре-сарсаңға салмай, бюрократиялық кедергілерден босату мақсатында осындай сервистік әкімдік ашылып отыр.

Жаңа кеңсеге 8 мемлекеттік мекеменің өкілдері жайғасқан. Олар жер қатынастары, ауыл шаруашылығы, тұрғын үй, жолаушылар көлігі мен автомобиль жолдары, сәулет және қала құрылысы сияқты 70-тен астам қызмет түрі бойынша халыққа бағыт-бағдар беріп, қызмет көрсетеді. Бұдан бөлек мұнда азаматтарды қабылдау, өтініштерді жедел қарау, құқықтық кеңес беру тетіктері қарастырылған. Яғни атқарушы билік пен жергілікті тұрғындармен бетпе-бет отырып жұмыс істейді.

Қыдырбай Тілеубаев, Шардара қаласының тұрғыны:

– Мен қазір өзім кіріп-шықтым. Мал бордақылауға, өте жақсы жауап берді. Сондай-ақ мұнда білім бөлімінен, әкімшіліктен, прокуратура, сот сияқты бірнеше саланың мамандары отыр екен. Адамдар көшеге шығып әркімнен сұрағанша, осындағы мамандардан кеңес алғаны дұрыс. Өте қуаныштымын, тамаша.

Бұл – Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің бастамасымен Түркістан облысында ашылып отырған 11-інші кеңсе. Бұған дейін өңірдегі 10 ауданда сервистік әкімдік ғимараты ашылып, ел игілігіне берілген болатын. Жыл соңына дейін бұл жоба облыстағы барлық ауданда жүзеге асырылмақ. Сөйтіп ел президентінің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру мақсатында атқарушы билік пен халық арасында ашықтық қағидаты қалыптасатын болады.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Самат Нағашбекұлы

 

 

Хабар 24 телеарнасы