419,69 511.30 5.67
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Ақтөбе облысында үш бағыттағы республикалық жол ақылы болады

  • 206
  • UPD: 18:47, 28.11.2020

Ақтөбе мен Орал арасындағы және Ақтөбе - Қарабұтақ - Ырғыз арқылы Қызылорда бағыты мен Ақтөбе - Мәртөк - Орынбор тас жолдарымен жүретін жүргізушілер келесі жылдан бастап тиісті төлем жасауға міндеттеледі.

Қазір өңірде бұл мәселеге қатысты қоғамдық талқылаулар өтіп жатыр. Сондықтан әзірге нақты бағасы белгіленбеген.

Мансұр Есқожин, тілші:

– Келер жылдан бастап ақылы жүйеге өтетін бағыттардың бірі – Ақтөбе – Орал тас жолы. Бұл жерде көлік нөпірі сәл уақытқа да саябырсымайды. Өйткені Ақтау мен Атырауға бағыт алған жүргізушілер де дәл осы жолды таңдайды. Себебі Ақтөбе-Атырау бағытындағы төте жолдың сапасы ешқандай сын көтермейді.

Бұл бағыттағы асфальттың сапасына да жүргізушілердің көңілі толмайды. Жалпы Ақтөбе облысындағы республикалық жолдардың дені ескірген деп отыр. Тек Ресеймен байланыстыратын Мәртөк ауданы бағытындағы жол ғана талапқа сай. Жалпы алдағы жылдан бастап республикалық 3 жол ақылы жүйеге көшеді. Барлығы 800 шақырым шамасында.

Андрей Волчок, жүк көлігі жүргізушісі:

– Жайсаң шекара бекетінен Ақтөбеге дейін жолды жақсы деп айта аламын. Жүрген үшін ақысын төлесе де болады. Ал Орал немесе Қарабұтақ бағытындағы асфальт шұрық-тесік. Егер жөндеп, содан кейін ақылы болатын болса біз қарсы емеспіз. Бастысы жол қауіпсіз болса болғаны.

Алексей Иванов, жүк көлігі жүргізушісі:

– Қазақстанның барлық аймағында болдым. Сондықтан жолдардың сапасын салыстыра аламын. Мәселен, Шымкент пен Алматы арасындағы жол ақылы болса түсінікті. Ал мына Ақтөбе облысындағы қираған жолдарға ақы төлеуге ешқандай құлқымыз жоқ.

Жоба бойынша ақылы жүйеге өткен жолдардың сапасы әрдайым назарда болады. Жаз мезгілінде жөндеу жұмыстарын жүргізіп, қыс кезінде қардан тазалап отыратын арнайы мекемелер де бекітіледі. Тестік режимде жол қозғалысын қадағалайтын 9 кешенді бейнебақылау құрылғысы орнатылды. Айта кету керек, ақылы жүйе тек жүк көліктеріне ғана тиесілі болмақ. Ал жеңіл автомобиль иелері Ақтөбе облысындағы республикалық жолдармен тегін өтеді.

Айбол Данағұл, «Қазавтожол ҰК» АҚ облыстық филиалы директорының орынбасары:

– Жүк көліктерінен түскен қаржы ол біздің «Қазавтожол» ұлттық компаниясының тарапынан бақыланады. Және кез келген жүргізуші өзінің төлеген ақысы қайда кетіп жатырғандығы мәліметті біздің министрліктен және «Қазавтожол» ұлттық компаниясының сайтынан және 1403 телефоны арқылы кез келген уақытта біле алады.

Жүргізушілерден түскен төлем тек сол жолды ғана күтіп-ұстауға жұмсалуы тиіс. Яғни, сапалы асфальт жабындысымен қамтамасыз етіп қана қоймай, бюджеттің шығынын да азайтады. Тағы бір айта кететін жайт Ақтөбе-Қандыағаш-Атырау бағытындағы тас жолы да  ақылы ету жоспары бар. Ол үшін күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуі керек.

Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков

Хабар 24 телеарнасы