419,54 511.30 5.71
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Кибералаяқтардан қалай сақтану керек?

  • 120
  • UPD: 19:52, 28.11.2020

Соңғы уақытта «кибералаяқ» деген термин кең етек жайып, алданғандар қатары көбейіп барады.

Бір ғана Қарағанды облысында жыл басынан бері 1300 интернет алаяқтық дерегі тіркелген. Анықталмағаны одан әлдеқайда көп болуы мүмкін. Себебі алданған жұрт шығын көлемі көп болмаса, полицияға шағымдана бермейді дейді мамандар.

Жанна Тұрабаеваның банк саласында алған білімі бар. Қаржы нарығын бір адамдай біледі. Алайда жалған менеджер Ұлттық банктің қауіпсіздік қызметінен хабарласып тұрмыз дегенде қалай сеніп қалғанын білмейді.

Жанна Тұрабаева, қала тұрғыны:

– Маған хабарласқан адам сіздің шотыңыздан шетелге заңсыз қаржы аударылған деді. Мен бірер күн бұрын ғана интернет дүкеннен тауар сатып алып, ақшасын төлегем, сондықтан сендім. Сосын ол менен төлем картасындағы ақпараттарды тәптіштеп сұрай бастады. Өте білімді, кідірмей сөйлейтінін аңғардым. Ақпараттарды айтып бердім. Тек банктің теріс бетіндегі 3 санды сұраған кезде ойыма бірден келді. Оған мен де банк саласында жұмыс істеймін, сіздің ондай ақпаратты сұрауға хақыңыз жоқ деп едім, тұтқаны қоя салды.  

Биыл Қарағанды қаласында бір азамат осындай жалған банк менеджеріне 4 млн теңгесін қолды еткен. Мұндай істердің бетін ашу қиынның қиыны дейді полицейлер. Себебі ақпараттық технологияның дамуымен қатар-алаяқтық әдістерде жаңарып, күрделене түскен. 

Азамат Бимен, облыстық ПД криминалдық полиция басқармасының аға жедел уәкілі:

– Ең көп орын алатын – қандай да бір тауарды сатып алуға, не жарты ақшасын төлету туралы алаяқтық фактілер бар. Және адам атынан онлайн кредиттер алу. Олар бойынша қылмыстық істер қозғалып, іздестіру жұмыстар жүріп жатыр. Жыл басынан бері 1300 кибералаяқтық тіркелген. Интернет алаяқтықтар барлық қылмыстың 95 процентін құрайды.

Қарағандыда ІТ саласының мамандарын дайындайтын орталық бар. Олардың сөзінше, әккі қылмыскерлер әдетте сіз жайлы біраз мағұлматты алдын ала біліп алады. Білмейтінін сіздің сеніміңізге кіріп алуға тырысады. Әдетте олар өте сыпайы, кәсіби маман ретінде диалог құрады. Жылдам сөйлейді. Осылайша сіздің ойлануыңызға немесе күдіктенуіңізге мұрша бермейді.

Алексей Буравлёв, ІТ компанияның ақпараттық қауіпсіздік жөніндегі басшысы:

– Қазір алаяқтық жолмен ақша табудың танымал болып тұрған 3 жолы бар. Алғашқысы – фишинг. Яғни сізге банк қызметкері ретінде хабарласып, картаңыздың ақпаратын сұрап алады. Екінші түрі – хабарламалар сайтынан тауарыңызды сатып аламын деп, жалған сайт арқылы картаның ақпаратын жаздырып алады. Ондай сайттар әдетте бір-екі күннен соң бұғатталып қалады. Үшіншісі – біздің ұялы телефонымыздағы қаржы қосымшалары. Яғни ол нөмірге сәйкестендірілгендіктен парольдарыңызды біліп алып, басқа шотқа аударып алуы мүмкін.  

Киберқылмыскерлер банк картасынан әдетте 20-30 мың теңге шамасындағы қаржыны қолды етеді. Зардап шеккен тарап болса, мұндай сома үшін полицияға шағым жазбайды. Салдарынан алаяқтар жазаға тартылмай, жымысқы әрекеттерін жалғастыра береді.  

Авторлары: Дәуренбек Бағдәулетұлы

Хабар 24 телеарнасы