419,54 511.30 5.71
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Таразда 80 отбасыға баспана берілді

  • 116
  • UPD: 19:49, 28.11.2020

Пәтер кілттері Тұңғыш Президент күні қарсаңында табысталып, жұртқа мерекелік тарту жасалды.

Тұрғын үйлердің табалдырығын алдымен әлеуметтік аз қамтылған және мүмкіндігі шектеулі жандар аттады. Бұл жолы 15-ықшам ауданындағы жаңа көпқабатты үйлер ел игілігіне берілді.

Еліміздің Тұңғыш Президенті күніне орай баспаналы болғандардың қатарында Жансая Балхашбекқызы да бар. Жолдасы екеуі 13 жыл бой кезекте тұрып, аңсап жеткен қуанышы. Бұған дейін бұл отбасы пәтер жалдап тұрып келген. Қазір үш бөлмелі үйге бала-шағасымен көшіп келіп, қоныс тойын тойлап жатыр.

Жансая Балқашбекқызы, қала тұрғыны:

– Әрине, мереке қарсаңында өте жақсы хабар болды. Қуанышты хабар. Барлығына жұғысты болсын деп айтамын. Биыл алмағандар келесі жылы пәтерлі болсын деп тілеймін. Бала-шағамызбен қуанып, көшіп келдік. Ризамыз барлығына.

Сондай-ақ пәтер кілттері соғыс ардагерлеріне теңестірілген азаматтарға, жалғызбасты қарияларға, көпбалалы отбасыларға берілді. Жалпы өңірде жыл басынан бері 250,7 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 110,9 процентке артық.

Бердібек Сапарбаев, облыс әкімі:

– Жылдың аяғына дейін біз ең кем дегенде 4 мыңға жуық пәтер беруіміз керек. Қазіргі таңда облыста барлығы 65 үй салынып жатыр. Соның 50-ге жуығы осы Тараз қаласында, қазір жоспарымыз бойынша соның 55-ін облыс бойынша биыл бітіруіміз керек. Біз өзімізге міндеттеме алғанбыз. Биылғы жылы ең кем дегенде 605 мың шаршы метр үй беруіміз керек.

Биыл мыңға жуық мұқтаж көпбалалы отбасы пәтерлі болды. Сонымен қатар әлеуметтік аз қамтылған тұрғындарға 180 орындық жатақхана берілді. Қазір өңірде баспана кезегінде тұрған адам саны 32 мыңнан асады. Оларды шетінен қамту үшін көпабатты тұрғын үйлердің құрылысы кезең-кезеңімен жүріп жатыр.

Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Бақытжан Бапаев

Хабар 24 телеарнасы