420,31 511.30 5.69
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Ақтаулық полицейлер тұрғындар шағымын әлеуметтік желілерде қабылдайды

  • 105
  • UPD: 14:31, 29.11.2020

Ақтаулық полицейлер тұрғындардың арыз-шағымын әлеуметтік желілер арқылы қабылдауға көшті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Енді кез келген азамат өзі тұратын үй маңында ішімдік ішу, қоқыс тастау тағы басқа бұзақылықтың жасалғанын көрсе, ұялы телефонға түсіріп алып, учаскелік полиция инспекторына жолдай алады. Дәйекті деректер құқықбұзушылыққа барған тұлғаларды дереу жауапкершілікке тартуға мүмкіндік береді. Заманауи байланыс түрінің тиімділігіне арна тілшісі Талғат Исламұлы көз жеткізіп қайтқан еді. 

Талғат Исламұлы, тілші:

- 8-ші шағын аудандағы №14 үйде тұратын әйел учаскелік инспекторға хабарласып, үй маңында екпе инелерінің шашылып жатқанын айтты. Смартфонға түсірген фотоларын да жіберген. Инені нашақор қолданған болса, бұл жерде ойнайтын балаларға қауіпті екені анық.

Әлгі маңда расында да екпе инелері жатыр. Осы үйде тұратын ер адам 7-қабаттағы пәтерлердің бірінен тасталғанын айтты. Учаскелік полиция инспекторымен бірге жоғары қабатқа көтеріліп, күдік тудырған пәтер есігін қақтық. Іште адам бар екені байқалып тұрса да, ешкім ашпады.

Уческелік полиция инспекторын көрген мына келіншек әлгі үйге бейтаныс адамдар келіп жүретінін де айтып берді. Беймезгіл уақытта шу көтеріп, мазалайтын көршісіне шара қолдануды сұрады.

Учаскелік полицейдің айтуынша, бұл пәтердің иесі наркологиялық емдеу орнында жатыр. Қазір мұнда оның жүйке ауруына шалдыққан ағасы тұрады. Сондықтан тәртіп сақшылары үйді әркез өз бақылауында ұстайды.

Олжас Әлімбаев, АҚПБ ЖПҚ учаскелік полиция инспекторы:

- Омельченко Сергей деген азамат сол жерде тұрады. Нашақорлар деген арнайы есеп бар полиция басқармасында. Сол есепте тұрады және де ол орындарға бірнеше рет орналастырылған. Алайда, осында қазір тұрып жатқанына байланысты ұсақ құқықбұзушылығын жасауда. Өзіңіз көргеніңіздей, тұрғындар оған келушілерге шағымдануда. Сол келушілерді азайтып және анықтау мақсатында өзіміздің қызметкерімізді бөліп, сол жерге қоямыз. Қандай да бір келіп-кеткен адамның жеке басын анықтап, қандай есепте тұратынын білеміз.

Ақтаудағы барлық шағын аудандарды учаскелік инспекторлар аралап, өздерінің қызмет телефондары мен мекенжайын айтып жүретіндігі белгілі. Бұдан былай құзырлы органға әлеуметтік желілер арқылы хабарласуға болатындығы тұрғындарды қуантып отыр.

Айгүл Мадалиева, қала тұрғыны:

- Бұрынғы жағдайда телефонмен звандап, ала алмайтынбыз. Сондай жағдайлар болатын еді. Қазір WhatsApp желісімен тез-ақ соны жеткізуге болады. Сол ыңғайлы. Қазір халық пен полиция органдарының тығыз жұмыс жасап жатқандығы қуантады. Тез атқарып жатыр жұмыстарын. Мысалы, біз осы үйге көшіп келіп тұрмыз. Учаске инспекторы бізге келіп танысып жатыр. Рахмет, келеңсіз жағдай болмайды деп үміттенеміз.

Маңғыстау облысының полиция департаменті келтірген ресми деректерге сүйенсек, жыл басынан бері қоғамдық орында жасалған қылмыс санының 40%-ке, жасөспірімдердің заңбұзушылыққа бару дерегі 26%-ке азайған. Тәртіп сақшылары көпшілікпен байланыстың жаңа түрінің орнауы бұл көрсеткішті өзгертеріне сенеді.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев

Хабар 24 телеарнасы