420,29 511.30 5.69
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қарағандылық қарапайым отбасы алты қызды қамқорлығына алды

  • 229
  • UPD: 19:53, 29.11.2020

Қарағандыда қарапайым отбасы 6 қызды қамқорлығына алған.

Отағасы құтқарушы болып қызмет етсе, жұбайы балалар үйінде тәрбиеші болып істейді. Ерлі-зайыптылар тағдыр тәлкегіне ұшырап, жетімдіктің кермек дәмін сезген қыздарды бауырына басқан.

Бұл отбасында бірнеше ұлттың өкілі тату-тәтті ғұмыр кешіп келеді. 13 жыл бойы суға кетіп бара жатқандарды құтқарып келген Николай тағдыр тәлкегіне тап болғандарға да көмегін аямады. Жұбайы екеуі әр бала ата-ана қамқорлығын сезінуі тиіс деп есептейді. Сондықтан бұл іс – екеуінің бірігіп қабылдаған шешімі.

Николай Соболевский, облыстық ТЖД құтқарушысы:

– Барлығына саусақ бірікпей, ине ілікпейтінін ескертем. Еңбекке баулимын. Барлығын бірдей жақсы көреміз. Менің мақсатым тал бойына тәрбиемен құндақтап, бізден үйренгендерін өзгеге де көрсетсе деген ой. Негізгі жұмысым оңай емес, құтқарушымын. Бірақ, үйде дем беретін жанұям бар. Солармен мақтанамын.

Николай мен Татьянаның туған 3 баласы бар. Бүгінде ұлдары бөлек тұрады. Ал кенже қызы Нинель артынан ерген сіңлісі болғанын армандапты. Ақырында Татьяна өзі еңбек ететін балалар үйінен бірінен соң бірі 6 қызды бауырына басқан.

Татьяна Соболевская, балалар үйінің тәрбиешісі:

– Мен жұмыста жүргенде қыздар мені үйіңізге алып кетіңізші деп өтініш айтатын. Оларды бұрыннан танығандықтан, еш қарсылығым болған жоқ. Алдымен бір қызымды алдым. Кейін тағы да бір қызды бауырымызға алдық. Осылайша көпбалалы ата-ана болып шыға келдік.

Қыздардың бірі балалар үйінде 1 жыл, енді бірі 7 жылын өткізген. Тағдыры бөлек жандарды осы береке ұялаған отбасы біріктіріп отыр.

Карина Качалова:

– Оқуда озат болдым деп айта алмаймын. Қанағаттанарлық, яғни «3» деген бағаларым көп еді. Бірақ анам одан сескенген жоқ. Бәріміз әртүрліміз, бірақ анамыз бәріміздің көңілімізді таба алады. Әкем де ерекше мейірімді адам. Ол – біздің нағыз қорғанымыз.

Қазір қыздар бойжетіп қалған. Өскенде бірі режиссёр, бірі шаштараз, енді бірі медбике болуды армандайды. Ал Карина дене тәрбиесі мамандығы бойынша білім алады. Ол әкесі сияқты құтқарушы болғысы келеді. Ал ата-анасы оларға қашанда қолдау көрсетуге әзір.

Авторлары: Дәуренбек Бағдәулетұлы, Сайлау Игіліков, Аслан Демесбаев.

Хабар 24 телеарнасы