432,26 519.25 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Жолаушы тасымалымен айналысатын атыраулық кәсіпкерлерге субсидия дұрыс төленбей жатыр

  • 160
  • UPD: 09:25, 30.11.2020

Жыл сайын мәслихатпен бекітелетін қаржы шағын микроавтобустар мен жеңіл қоғамдық көліктерге ғана есептеліп бөлінеді екен.

Ал мекемелердің көпшілігінде жолаушыларды үлкен автобустармен тасымалдайды. Бүгінде кәсіпкерлерге коммуналдық мемлекеттік мекемесі 457 миллион теңге берешек.

Қазір мұнайлы өңірде 49 бағыт бойынша 14 мекеме жолаушылар тасымалымен айналысады. Ресми мәліметке сәйкес, былтыр осы салаға 2 миллиардқа жуық қаражат бөлініпті. Ал биыл 8 айдағы көрсеткіш 1 миллиард теңгеден асып отыр. Десе де, оның өзін кәсіпкерлер толық ала алмай әбігерге түскен. Оған қоса, бөлінетін қаржы кететін шығынды өтемейді. Енді кәсіп иелері шығатын қаражат орны толмайды деп әкімдікке субсидияны жаңа тәртіппен төлеуді ұсыныпты.

Қуантай Қалман, автопарк директоры:

– Біз жолаушыларды үлкен автобустармен тасымалдаймыз. Ал берілетін субсидия бізге жетпейді. Өйткені шығын көп. Транспорттың жанармайы, жұмысшылардың жалақысы бар, кеткен қаражатты өтей алмай отырмыз. Енді субсидия беру тәртібін қайта қарауды әкімдіктен өтініп сұрап отырмыз.

Қоғамдық көлікке мінетін халықтың 30 проценті жеңілдетілген картамен жүреді. Бұл компанияларға «Смарт Атырау» коммуналдық мемлекеттік мекемесі әлеуметтік осал топты тасымалдағаны үшін төленетін қаржыны әлі аудармай отыр. Осылайша мемлекеттік мекеменің кәсіпкерлерге берешегі 457 млн теңгеге жеткен.

Айдос Мамыт, облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті басшысының бірінші орынбасары.

– Әрине, осы шағым бойынша, өзіміздің құзырет шеңберімізде «Атамекен» кәсіпкерлер палатасымен бірге бұл мәселені шешуге тырысқан болатынбыз. Қазіргі таңда мәселенің оң шешімін күтіп отырмыз. Бұл мәселенің шешілу нүктесі желтоқсан айында болатын, маслихаттың кезекті сессияында қаралып, сол жерде оң шешімін табады деген ойдамыз.

Қазір кәсіп иелері шығынға белшеден батып отыр. Оларды толғандырған түйткілді мәселе келесі айда өтетін маслихат отырысында өз шешімін таппақ. Алайда тиісті қаржының қашан төленетіні де әлі белгісіз.

Авторлары: Асланбек Шығыр, Темірлан Сұлтанғазиев, Жандос Рахметуллин

Хабар 24 телеарнасы