425,73 504.32 5.82
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Түркістан облысында ауыл жастары аз қамтылған екі отбасына үй салып берді

  • 233
  • UPD: 14:19, 30.11.2020

Түркістан облысының Отырар ауданында ауыл жастары аз қамтылған екі отбасына үй салып берді.

Баспанаға мұқтаж жандар қолына кілт алғанға дейін үйлі болатынынан бейхабар болған.

Бұл – Шәуілдір ауылының тұрғындары Арман Кәрібаев пен Гүлжанар Садыбаеваға баспана кілтін тапсыру сәті. Ұзақ жылдар бойы пәтер жалдап, жанбаққан екі отбасы да баспанаға шын мұқтаж. 4 баланың әкесі Арман Кәрібаев бұған дейін жалданып жұмыс істесе, ал Гүлжанар Базарбайқызы – үш бірдей бүлдіршінді бір өзі асырап отырған жалғызбасты ана. Олардың ешқайсысы үйлі болатынын білмеген. Себебі ауыл жастары өздері асарлатып салған баспананы кімге беретінін соңына дейін құпия ұстапты.  

Арман Кәрібаев, Шәуілдір ауылының тұрғыны:

– Осы үй салынып жатқанда балалармен бірге мен де осы үйге көмектестім. Бірақ менің үйім болатынын білген жоқпын. Үйдің кілтін тапсырды. Қобалжып, не айтарымды да білмей қалдым.

Гүлжанар Садыбаева, Шәуілдір ауылының тұрғыны:

– Үйде өзімнің жылуымды істете алмай жатқанмын. Соған қаржылай көмек бар деп шақырды. Мен мұндай үй алам деп ойлаған жоқпын. Рақмет барлықтарыңызға. Алла разы болсын.

Енді бұл отбасылар үшін ауыр тұрмыс, қиын күндер артта қалды. Ауылдастарының қолдауымен жаңа қонысқа жайғасса, демеушілер азық-түлік пен қажетті жиһаздарын жеткізіп беруде. Ауыл жастарының басын қосып, осы іске ұйытқы болған ерікті Әскербек Батырбеков алқашында қайырымдылықты ауылдағы көпбалалы отбасыларға көмір түсіріп беруден бастағандарын айтады.

Әскербек Батырбеков, Шәуілдір ауылының тұрғыны, волонтер:

– Баспана салуға жағдайы жоқ отбасылар көп болды. Пәтер жалдап тұрып жатқан. Сол кісілерге жәрдем берейік деп, осы екі баспананы бастаған болатынбыз. Ауыл жастарының, кәсіпкерлердің қолдауымен 4 айда екі үйді бітіріп, қоныс тойын тойлап жатыр.

Әбдіғали Жүнісов, Отырар ауданының әкімі:

– Жұмыс басталғанға дейін қалай болар екен деп ешкімге айтпаған. Үйді толыққанды бітіріп, жиһаздарына дейін алып отыр. Келесі жылы екі үй емес, бұдан да көп үй салынатына сенімдімін.

Жалпы биыл Отырар ауданында «Қамқорлық» бағдарламасы арқылы демеушілердің қолдауымен тұрмысы төмен 38 отбасыға көмек көрсетілген. Оның ішінде 16-сына баспана салып берілсе, 4 отбасының үйі күрделі жөндеуден өткен. Бұдан бөлек, карантинге байланысты жұмысы тоқтап, табыссыз қалған 1485 отбасына 99 млн теңгенің көмегі көрсетілген.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Самат Нағашбекұлы

Хабар 24 телеарнасы