419,54 511.30 5.71
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Түркістан облысындағы Сүткент ауылына табиғи газ келді

  • 99
  • UPD: 19:05, 30.11.2020
Түркістан облысындағы Сүткент ауылына табиғи газ келді

Түркістан облысының Шардара ауданындағы Сүткент ауылына табиғи газ келді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл шағалалы өңірде биыл көгілдір отынға қосылған төртінші ауыл. Елді мекенге 18 шақырым газ құбыры тартылды.

Сүткент ауылының тұрғындары табиғи газды жылдар бойы асыға күтті. Солардың бірі – Гүлжан Данабекқызы. Ол көмір жағып, күл шығарудың азабын бір кісідей біледі. Енді міне, елді мекенге көгілдір отын келді. «Шынымды айтсам, тіпті сене алар емеспіен», - дейді ол.

Гүлжан Күлділдаева, Сүткент ауылының тұрғыны:

- Бұрын көмір жағып қиналатынбыз. Қиыншылық өте көп болды. Әр жыл айын тонналап көмір алып, күйе-күйе боп жүретінбіз. Қазір міне, газ келіп, қуанып жатырмыз. Газдың жақсылығы өте көп. Үйдің іші жылы, шайымыз қайнаулы.

Сүткент ауылдық округінде үш мыңнан аса халық тұрады. 448 үй бар. Биыл елді мекен ішіне жалпы құны 221 млн теңгеге 18 шақырым газ құбыры тартылған. Тұрғындардың айтуынша, олар көгілдір отынды үйге 80 мың теңгеден кіргізген. Жалпы Шардара ауданында 1 қала, 25 елді мекен бар. 2014 жылы өңірдегі алғашқы екі ауылға газ құбыры тартылса, биыл Қызылқұм, Ақалтын, Достық, Сүткент және Егізқұм ауылдары көгілдір отынға қол жеткізді.

Мұхтархан Үтенов, Шардара аудандық ТҮКШ бөлімінің бас маманы:

- Келер жылы Шардара қаласындағы төрт мөлтек ауданды газға қосудың құрылыс жұмыстары басталады. Қалған үш ауылдық округ кезең-кезеңімен 25 жылға дейін жоспарға сәйкес газдандырылатын болады.

Бүгінгі күні жергілікті әкімдік ғимараты, мектеп пен балабақша сияқты әлеуметтік нысандар да табиғи газбен жылытылады. Айта кетейік, биыл жыл соңына дейін аудан халқының 33%-ін көгілдір отынмен қамту жоспарланып отыр.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Самат Нағашбекұлы

Хабар 24 телеарнасы