419,69 511.30 5.67
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Петропавлда көп қабатты тұрғын үйге қатысты шу шықты

  • 107
  • UPD: 23:01, 30.11.2020

Тұрғындардың айтуынша, 2009 жылы жеке кәсіпкер жерді заңсыз иемденіп алған.

Сатушы – қалалық әкімдік. Осылайша, 90 отбасы меншік құқығынан айырылып қалған. Мәселенің мән-жайын аймақтағы арна тілшісі Айдарбек Айтмұхамбетұлы зерттеп көрді.

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, тілші:

- Нұрсұлтан Назарбаев көшесіндегі мына бір үйде 90 отбасы тұрады. Бұл баспана кезінде қарапайым жұмысшыларға берілген. Былтырдан бері олар бес қабатты үй орналасқан жердің сатылып кеткенін біліп, сары уайымға салынып жүр.

Тамара Воробьёва, қала тұрғыны:

- Бұл жердің пайдалану мақсатына шектеу қойылған. Ол осында тұратын әр адамның үлесінде. Заң бойынша көп қабатты тұрғын үйдің астындағы жер мүлде сатылмауы тиіс. Бізден ешкім де сұраған жоқ.

Үй тұрған 13 соттық жер жеке кәсіпкердің атында. Ол оны 2009 жылы қалалық әкімдіктен сатып алған. Шенеуніктердің айтуынша, бұл мәселе кезінде комиссия отырысында қаралып, келісімшарт жасалды.

Асқар Хабибулин, қала әкімінің орынбасары:

- Бұл жалпы үлескерлік меншіктегі жер. Кәсіпкер жеке тұлға ретінде өзінің 12 шаршы метрін шығарып алған. Ал акт барлық аумаққа беріледі.

Сан соғып қалған адамдар меншік құқығынан айырылып қалған. Яғни, біреудің жерінде тұрып жатыр деген сөз. Заңгер Владимир Комаровтың айтуынша, жер заңсыз сатылған. Сатылған соң кадастрлық нөмірі де қате берілген.

Владимир Комаров, заңгер:

- Біріншіден, бұл учаске бөлінбейді. Екіншіден, ол мемлекеттікі емес. Яғни, жергілікті атқарушы органның оны сатуға құқығы жоқ. Ал, тіркеуші орган қызметкерлері кәсіпкерге көп қабатты тұрғын үйдің астындағы жерді түгел жазып жіберген.

Бұл мәселе бойынша прокурорлар тексеріс жүргізіп, заң бұзушылық анықтады. Бірақ ешкімді жауапқа тарта алмай отыр. 11 жылда жерді сатып жіберген шенеуніктер ауысып кеткен. Ал қазіргілері тұрғындарға: «бәрін өздерің түзетіп алыңдар», деп отыр.

Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Төлеген Иманов, Руслан Әлиев

Хабар 24 телеарнасы