425,13 504.32 5.86
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Көкшетаудағы ҚХА кеңесінің отырысында қоғамдық келісімге үлес қосқандар марапатталды

  • 289
  • UPD: 23:42, 30.11.2020

Көкшетауда Қазақстан халқы Ақмола Ассамблеясы кеңесінің кезекті отырысы өтті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жиын жылдағыдай кең залда емес, шағын құрамда ұйымдастырылды.

Іс-шарада Ассамблеяның аймақтағы мүшелері, өңір тұрғындарына қоғамдық келісімді одан әрі нығайту жайлы үндеу тастады. Аталған жиын ҚР Тұңғыш Президенті күні қарсаңында арнайы өтіп отыр.

Ассамблея кеңесінің кезекті отырысына облыс әкімі Ермек Маржықпаевтың өзі қатысып, аталған ұйымды құрудағы Елбасының көрегендігін атап өтті. «Себебі, еліміздің Тұңғыш Президентінің басты ұстанымы татулық болатын», - деді, аймақ басшысы. Ал, жиынға қатысушылар Қазақстан қоғамдық келісім атты үлкен байлыққа қол жеткізді, енді оны көздің қарашығындай сақтау үшін әрбір азамат мемлекеттік тілді мейлінше меңгеруі қажет екенін айтады.

Юлия кузьменко, «Ботай-Бурабай» музейінің қызметкері:

- Менің ата-анам менің қазақ тілін үйренуге деген қызығушылығымды 5 жасымнан байқап, маған барынша қолдау көрсетті. 10 жасымда мемлекеттік тілде еркін сөйлеу және жазу мүмкіндігіне ие болдым. Щучье педагогикалық колледжінде қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша білім алдым. Жұмыста болсам да, жүрген ортамда болсам да, қасымдағы адамдар, «мен қазақ тілін үйренемін» десе, мен әрине, оларға әрқашан да көмек жасаймын.

Жиында аймақтағы қоғамдық келісімге зор үлес қосқан жандар марапатталды. Олардың барлығы да Қазақстанның ел болып қалыптасуында Елбасының еңбегі ерен екенін айтады.

Елена Мащинская, ҚХА мүшесі, кәсіпкер:

- Біздің еліміз Ассамблеяны құрудың арқасында тұрақтылығы мен бірлігі бекем мықты мемлекет тұрғызуға болатынын дәлелдеді. Бәріміз кеше ғана Ресейдің осындай Ассамблея құрғанына куә болдық. Оларда мұндай ұйым енді ғана пайда болып жатса, бізге 25 жыл болды. Бұл ширек ғасырда көп нәрсе жасалды. Бастысы, Қазақстан барлық ұлтты бірдей көріп отыр.

Еліміздің ешкімді алаламайтына бір ғана дәлел, мәселен, қазір Көкшетаудағы «Достық» үйінде 20 шақты ұлттың этномәдени орталығы бар. Онда олар өз тілдерін үйреніп, әдебиеті мен мәдениетін ұрпақтан ұрпаққа жалғастыра алады.

Авторлары: Дамир Берікұлы, Евгений Шинкаренко

Хабар 24 телеарнасы