420,67 511.30 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Оралда темір жол бойындағы оқиғалар жиілеп кетті

  • 249
  • UPD: 13:31, 01.12.2020

Батыс Қазақстан облысында биыл теміржол бойында оқыс оқиғалар жиілеп кетті. Мәселен, Орал қаласы аумағында пойыздарды 42 мәрте шұғыл тежеуге тура келген. Кейбір жүргіншілер белгіленбеген жерлерден өтуді әдетке айналдырған. Оның үстіне иесіз мал да оқыс жағдайларға себепкер болады. Тәртіп сақшылары теміржол бойында рейд шараларын жүргізіп жатыр.

Қала тұрғындарының теміржолды кесіп өтерде қауіпсіздік қағидаларын қаперге ілмейтіні жасырын емес. Жол қысқарту үшін белгіленбеген жерлерден жүгіріп өтеді. Жүйткіген пойыз әп-сәтте жетіп келуі мүмкін. 

Еркебұлан Смадияров, тілші:

- Бұл жер - ең қауіпті аумақтардың бірі. Оқыс оқиғалар жиі болады. Көргеніміздей, дәл қазір жолдан тұрғындардың бірі кішкентай баласымен өтпек болды. Қас қағым сәтте болады ғой оқыс оқиғалар, сондықтан тәуекелге барудың қажеті жоқ. Қазір тәртіп сақшылары, мінеки тұрғынға жағдайды түсіндіріп жатыр. 

Жанна Әлмұқанова, қала тұрғыны:

- Садиктен келе жатырмыз бері қарай. Осы жолмен постоянно өтеміз біздер. Садикке барамыз, баланы садикке апарымыз. Осы жолмен қатынасамыз ғой көбінесе, остановкаға шыққанда да, неге шыққанда да. Иә, осы жерде адамдардың өлімі көп болып жатыр. Негізі мост қойғаны жақсы болар еді. 

Биыл қалада жаяу жүргіншілердің салғырттығы салдарынан 8 рет оқыс жағдай болды. Мәселен, қыркүйек айында пойыз Желаев аумағында әйел адамды басып кетті. Осындай қайғылы жағдайлардың алдын алу үшін тәртіп сақшылары рейд ұйымдастыруға кірісті. Талаптарды орындамаған тұрғындар әкімшілік жауапқа тартыла бастады. 

Қайрат Жәкенов, Орал теміржол станциясындағы желілік полиция бөлімінің бастығы:

- Құлақшын (наушник) пайдалану салдарынан да пойыз жүрісін естімей қалу фактілері болып отыр. Қазіргі таңда осындай республикалық шаралар өткізіліп жатыр. Бүгінгі таңда 770 адам Әкімшілік Кодекстің 559-бабының 5-бөліміне сәйкес, құқық бұзушыларға әртүрлі әкімшілік іс толтырылды. 

Маңайда теміржолды кесіп өтетін ең жақын автоөткел Солтүстік-Шығыс ауданда орналасқан. Көпірде жаяу жүргіншілер жолағы бар. Алайда кей тұрғындар, әсіресе жасы үлкен адамдар оның алыс екенін айтады, сондықтан маңайға жаяу жүргіншілерге арналған бөлек өткел салып беруді сұрап отыр. 

Бакиза Жұмағалиева, қала тұрғыны:

- Өтетін не керек енді, көпір. Мен деген мына жерге бара жатырмын, міне, балам тұрады мына жерде. Мен енді әрі қарай барып, былай қарай келмеймін ғой енді. Күнде өтем енді мына жерден. Өзім абайлап өтіп жүрмін енді. 

Жергілікті билік өкілдері темір жолдардың бойына қосымша өткелдер салу жоспары қаралмағанын, әрі сала мамандарынан ұсыныс болмағанын айтты. Демек, жол қысқарту үшін қауіпті аумақтан кесіп өту деректері әзірге тыйыла қоймайтын секілді. Қала маңында пойыздардың иесіз малды қағып кетуі де жиіледі. Биыл темір жол бойында 14 бас мал өліп, иелері әкімшілік жауапқа тартылды. 

Еркебұлан Смадияров, Руслан Ғазезов, Қанат Махмұтов

Хабар 24 телеарнасы