419,54 511.30 5.71
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Шардарада мерекеге орай қырық отбасы баспаналы болды

  • 117
  • UPD: 16:09, 01.12.2020

Тұңғыш Президент күніне орай Түркістан облысының Шардара қаласында 40 отбасы баспаналы болды. Олардың барлығы баспанаға мұқтаж көп балалы және аз қамтылған отбасылар. Сонымен қатар қоныс тойын тойлап жатқандардың арасында тұрғын үй кезегінде тұрған бюджеттік сала қызметкерлері де бар. Бұл игі істер мемлекеттік «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында атқарылуда.

Аңсап жеткен баспана. Алпамыс Мырзатаев 1-топ мүгедегі. Туғаннан сал ауруына шалдыққан. Тұрғын кезегінде тұрғанына 15 жыл болыпты. Содан бері әйелі мен баласы үшеуі пәтер жалдап күн кешіп келеді. Көшіп қонудан мезі болған қала тұрғыны баспана кілтін тапсыру сәтте қуаныштан көз жасына ерік берді. 

Алпамыc Мырзатаев, 1-топ мүгедегі:

- Шардара қаласында тұрамын. 15 жылдан бері пәтер жалдап тұратын едім. Бүгін үй беріп жатыр. Бәріңізге рахмет айтамын. Аспанымыз ашық болсын. Әрқашан қуаныш бола берсін.

Ал Гүлнұр Аманбаева информатика пәнінің мұғалімі. Өзі екі баланың анасы. Бұған дейін жолдасымен бірге пәтер жалдап тұрып келіпті. Ал тұрғын үй кезегіне осыдан 5 жыл бұрын тұрған екен. Мереке қарсаңында өз үйіне қол жеткізді.

Гүлнұр Аманбаева, баспана иесі:

- Тұңғыш Президент күніне орай баспаналы болып жатырмыз. Үй ұнады, жылуы бәрі жақсы жасалған. Бала-шағамыз, өзіміз қуанып жатырмыз. Бұған дейін кезекте тұрғанбыз. Кезегіміз жетіп, осы екі бөлмелі үйді алып жатырмыз. Қуаныштымыз, рахмет үлкен.

Мереке қарсаңында Шардара қаласында «Нұрлы жер» бағдарламасымен 40 отбасы баспаналы болды. Олардың көбі көп балалы, аз қамтылған отбасылар және арасында түрғын үй кезеінде тұрған бюджеттік сала қызметкерлері де бар. Мамандардың айтуынша, жыл басынан бері шаһарда демеушілердің көмегімен баспанаға мұқтаж 12 отбасына үй сатып әперілген.

Бауыржан Шомпиев, шардара ауданы әкімінің орынбасары:

- Тек қана біз бюджетке қарап отырған жоқпыз. Демеушілердің, қайырымдылық қорлардың есебінен осы жылдың өзінде 12 көп балалы, аз қамтамасыз етілген отбасыларға тегін пәтерлер алынып, соларға берілді. Яғни бұл да болса тұрғын үй, аз қамтылған отбасылардың мәселесі шешіледі деп ойлап отырмыз.

Бұдан бөлек алдағы 16 желтоқсан - Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында қалада тағы да 40 отбасы баспаналы болмақ. Ал келер жылы 120 пәтерлі 3 көп қабатты тұрғын үй пайдалануға беріледі. Сондай-ақ Шардара қаласының бас жоспарына сәйкес, 2021 жылы 13 гектар аумаққа 20 көпқабатты үйдің құрылысы жүргізіледі. Бұл өз кезегінде аудандағы тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтардың санын едәуір азайтуға сеп болмақ.

Айта кетейік, бүгінгі күні қалада 935 адам тұрғын үй кезегінде тұр.

Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Самат Нағашбекұлы

Хабар 24 телеарнасы