420,29 511.30 5.69
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Төбеден су ағады, ал жертөледегі иіс қолқаны жарады – елордадағы көп қабатты үй тұрғындары

  • 91
  • UPD: 10:21, 02.12.2020

Төбеден су ағады, ал жертөледегі иіс қолқаны жарады.

Елордада «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша күрделі жөндеуден өткен Шалкөде мекенжайындағы көп қабатты үйдің тұрғындары осылай деп шағымдандып отыр. «68 миллион теңгеге жүргізілген жөндеу жұмыстарының сапасы көңіл көншітпейді», - дейді олар. Ал мемлекеттік бағдарлама операторының бұл мәселеге қатысты жауабы қандай?

Ғазиза Мұхамеджанова, тілші:

- Төбеден аққан судан ішін сыз басқан мына баспанада тұрмақ түгілі демалу мүмкін емес. Үй иесі бұл жерден бес ай бұрын көшіп кеткен. Пәтер жалдап тұрады.

Венера Гуляева, үйдің тұрғыны:

- Олар жауын-шашын кезінде үйдің шатырын ашты. Сөйтіп, 20 маусымда төбеден су аға бастады. Үйдегі жиһаздың бәрі су болды. Қабырғалар көгеріп, ісініп кетті. Су аққаннан жарықтың өшкеніне жарты жыл болды.

Тұрғындардың шағымынан кейін мердігер шатырды бірнеше рет қайта жөндеген. Бірақ нәтиже жоқ. Ал дәл осы ескірген шатыр күрделі жөндеуге себеп болғанын айта кеткен жөн.

Ольга Сафронова, үйдің тұрғыны:

- Есік жабылмайды. Ескі есіктерді қалдырған. Ал смета бойынша ауыстыру керек еді. Сонымен қатар есептегіш құралдар, баспалдақтың жақтаулары ауыстырылуы тиіс еді. Бірақ бұлардың барлығы бұрынғы қалпында тұр.

Ғазиза Мұхамеджанова, тілші:

- Ал бұл 68 миллион теңгеге жөнделген үйдің жертөле қабаты. Өздеріңіз көріп тұрғындай, еден жоқ, құбырлардың жартысы ауыстырылған. Ал жартысы бұрынғы қалпында сақталған. Мына жерде ескі құбырлар. Ал мына жерде тіпті су ағып тұр.

Бірақ бұл тек ішкі жұмыстар. Бұдан бөлек, күн суығанда сыланған жұқа қабырға тағы бар. Тұрғындар көктемде үйдің сыртқы сылағы түсіп қала ма деп қорқады.

Осы себептерге байланысты бастамашыл топ жөндеу жұмыстарын қабылдау актілеріне қол қоймай отыр. Алайда, мемлекеттік бағдарлама операторы жұмыс толық аяқталғанын айтып, бұрын үйдің жағдайы бұдан да жаман болғанын алға тартады. Ал оған дәлел ретінде бізге жөндеуге дейінгі ғимараттың суреттерін көрсетті.

Нұрлыбай Бабасов, мемлекеттік бағдарлама операторының бас маманы:

- Тұрғындарға ескертулер бойынша хабарлама жазғымыз келіп отыр. Оған сәйкес барлық олқылықтар жойылуы тиіс. Олар қабылдау актілеріне қол қоюы керек. Ал техникалық қадағалау, авторлық қадағалау қызметі «жөндеу жұмыстары құрылыс нормалары мен ережелері бойынша жүргізілді» деген қорытынды берді.

Техникалық сараптама мамандары жұмыс барысында шағымдардың болғанын растап отыр. Бірақ олар бірден жойылған. Ал кіреберістердегі есіктерге келетін болсақ, оларды ауыстыру сметадан алынып тасталды.

Талғатбек Кинаятов, техникалық қадағалау маманы:

- Міндетті түрде жүргізілуі керек жұмыстар болды. Мысалы, шатырды жөндеу кезінде қосымша шығын кететіні аныталды. Жөндеуге бөлінген қаражаттан осы есіктерді, баспалдақ қоршауларын алып тастау есебінен шатыр жөнделді. Яғни бұл қаражат жалпы сомаға кірді. Жай ғана оларды бір жұмыстан алып, басқа жұмысқа бағыттады.

Жөндеудің барлық кемшіліктерін кепілдікпен түзетуге уәде берілді. Кепілдік мерзімі үш жылға созылады. Бірақ үй тұрғындары құжаттарға қол қоя ма, жоқ па, әлі белгісіз. Оны уақыт көрсетеді.

Авторлары: Ғазиза Мұхамеджанова, Арман Ақшабаев, Асхат Карақойшиев

Хабар 24 телеарнасы