425,30 504.32 5.86
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Алматыдағы 280 орындық инфекциялық госпиталь көшірілді

  • 293
  • UPD: 13:42, 02.12.2020
Алматыдағы 280 орындық инфекциялық госпиталь көшірілді

Алматыдағы 280 орындық инфекциялық госпитальдің науқастары мен дәрігерлері басқа жерге ауыстырылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мұндай шешім модульді госпитальге ауқымды санитарлық-дезинфекция жасау қажеттілігіне байланысты қабылданған. Сәуір мен қараша айы аралығында жұмыс істеген модульді клиниканың науқастары Жекенова атындағы қалалық клиникалық инфекциялық аурухананың жаңадан ашылған бөлімшесіне жатқызылды. Бұл жерде тек коронавирус инфекциясын жұқтырған науқастар ем қабылдайды.

Айта кетейік, әлеуметтік желіде «қысқа уақытта салынған модульді клиника суық болғандықтан көшіріліп жатыр» деген ақпарат тараған болатын. Аурухана бас дәрігерінің орынбасары бұл ақпаратты жоққа шығарды. Қазіргі уақытта қалада коронавирус инфекциясын жұқтырғандарға арналған 7 мыңнан аса төсек-орын бар. Оның 313-інде науқастар емделіп жатыр.

Тамара Ұтағанова, қалалық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары:

- 500 орынға арналған жаңа клиниканың ашылуына байланысты модульді клиникаға санитарлық-дезинфекция жасау туралы шешім қабылданды. Модульді клиниканың құрал жабдықтары сол жерде қалады. Бұл аурухана резервте тұрады. Себебі, инфекциялық аурухананың жаңадан ашылған бөлімшесінде барлық қажетті құрал жабдықтар бар. Модульді клиниканың дәрігерлері бөлімшеге жұмысқа ауысады. «РВ 90» бөлімшесі тек коронавирус инфекциясын жұқтырған науқастарды қабылдайды.

Хабар 24 телеарнасы