WhatsApp мессенджерінде алдағы уақытта екі апталық локдаун енгізілетіні туралы жалған ақпарат таратылуда, деп хабарлады stopfake.kz.
Хабарлама авторларының айтуынша, азық-түлік дүкендері де жабылады, тек дәріханаларға ғана бұрынғы режимде жұмыс істеуге рұқсат етіледі.
Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитеті бұл ақпаратты жоққа шығарды.
«Бұл – жалған ақпарат. Бүгінгі таңда мұндай қатаңдату шараларын қабылдау жоспарланып отырған жоқ. Бірде-бір облыста мұндай мәселе көтерілген жоқ», – деп хабарлады комитеттің ресми өкілі Ержан Байтанаев.
Ол сондай-ақ медициналық бетперде тағудың және әлеуметтік арақашықтықты сақтаудың маңыздылығын тағы да еске салды. Мүмкіндігінше адамдар көп жиналатын жерлерге бармауға шақырды.