419,54 511.30 5.71
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Мүмкіндігі шектеулі жан бірнеше дүркін чемпион атанған

  • 94
  • UPD: 10:21, 03.12.2020

Дүниеде әр адамның арманы, биік мұраты бар. Әйтсе де деннің саулығынан асқан бақыт жоқ шығар.

Арамызда тағдыр талайымен мүмкіндігі шектелген талай жан бар. Солардың бірі – елордалық Мақсат Қыдырша.

Мақсат Қыдырша – үшінші топтағы мүгедек. Сәби кезінде алған жарақаты осындай күйге түсірді. Жас жігіттің оң жақ тізесі зақымдалған. Дерті меңдеп, жыл өткен сайын бір аяғы қысқара берді. Қазір сылтып басады.

Мақсат Қыдырша, ҚР Үстел теннисінен мүмкіндігі шектеулі жандар арасындағы спорт шебері:

– Тізе буындарының зақымдалуы деген диагноз қойды. Операция болды, бірақ жақсарған жоқ. Мынау – сау аяқ. Ауыратын аяқ пен сау аяқ арасында 12 см қысқалық бар. Ол жүрген кезде спортпен шұғылданған кезде білінеді. Сау аяқта тізе болады ғой, ал мынада ол тізе жоқ, өйткені езіліп кеткен.

Мақсаттың дерттен құлан таза айықсам екен деген үміті көпке дейін үзілмеді. Ем іздеп, бармаған жері, баспаған тауы жоқ. Шетелдегі дәрігерлерден де кеңес алды. Бірақ операциядан кейін аяғының бұрынғы қалпына келеріне ешкім кепілдік бермеді. «Сондықтан жалғыз жолы –қиындыққа мойымай, өзіңді осы қалпыңда қабылдау», – дейді. Жігерлі жас бүгінде бар уақытын спортқа арнаған. Үстел теннисінен тәуір нәтиже көрсетіп жүр. Спорт шебері деген атағы бар.

Мақсат Қыдырша, ҚР үстел теннисінен  мүмкіндігі шектеулі жандар арасындағы спорт шебері:

- Басында қиын болды. Аяқпен допқа үлгере алмайсың. Бірақ мен еш мойыған жоқпын. Өзімнің алға қойған мақсатыма жетемін деп нық сеніммен мақсат қойдым. Мен спортпен осы уақытқа дейін төрт жыл шұғылдандым. Төрт жылдың ішінде жастар арасында Қазақстанның төрт дүркін чемпионы, ересектер арасында екі дүркін чемпион атандым. Нұр-Сұлтан қаласының бес дүркін жеңімпазы атандым.

Мақсат қазір елордадағы паралимпиадалық жаттықтыру орталығында жұмыс істейді. Өзі секілді мүмкіндігі шектеулі жандарды спортқа баулиды. Үстел теннисі мен дойбыдан екі жылдың ішінде 100-ден аса шәкірт тәрбиеледі. Олардың бірқатары додаларда топ жарды. «Бастысы, бұл жандардың өмірге деген көзқарасы өзгеріп, құлшынысы артты», – дейді кейіпкеріміз.

Мақсат Қыдырша, ҚР үстел теннисінен  мүмкіндігі шектеулі жандар арасындағы спорт шебері:

– Менде 5 жастан бастап жас мөлшері шектелмеген. Дәрігер рұқсат берсе, өзімді шектемеймін. Диагнозым әртүрлі. Өзіңіз білесіз, астананың ауа райы суық. Транспорт, басқа да мәселелер бар. Бірақ әрқашан келуге тырысу керек. Өйткені мүмкіндігі шектеулі жандардың ағзасында кері процесс орын алады.

Жас жігіттің айтуынша, спортпен шұғылдану мүгедектердің денсаулығын ғана емес, жан саулығын да шыңдайды. Себебі осы жерде өз ортасы қалыптасып, бір отбасыдай жүреді. Мақсаты айқын Мақсат мұнымен тоқтап қалмақ емес. Енді волейболдан жетістікке жетсем екен деп армандайды.

Авторлары: Назерке Тоқжан, Ержан Қанапияұлы

Хабар 24 телеарнасы