427,15 517.06 5.74
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

А.Күрішбаев: Ветеринария – жемқорлық жайлаған салалардың бірі

  • 253
  • UPD: 11:38, 03.12.2020
А.Күрішбаев: Ветеринария – жемқорлық жайлаған салалардың бірі Сенаттың баспасөз қызметі

Сенатор Ақылбек Күрішбаев ветеринария жүйесінің жай-күйі нашарлағанын айтты.

Үкімет басшысына жолдаған сауалында депутат мұның себебі кезіндегі біртұтас ветеринария жүйесінің бөлінуі және қадағалау функциясының әлсіреуі деп түсіндірді.

Ақылбек Күрішбаев: «Тиімсіз реформаның соңы неге алып келгенін біздің жағдайымызға бейімделмеген малды жаппай импорттап, онымен бірге бұрын бізде болмаған көптеген экзотикалық жұқпалы ауруларды таратуға сеп болған «Етті мал шаруашылығының экспорттық әлеуетін арттыру» жобасының мысалынан көруге болады. Осы уақытқа дейін қоғамда импортталған малдың қалай бейімделгені туралы, олардың қаншасы ауру болып шыққаны, қаншасының жойылғаны, қандай ауру түрлерін әкелгені және қандай ауқымда таралғаны жөнінде ақпараттар берілген жоқ», – деді.

Сенат депутатының айтуынша, аса қауіпті аурулардың таралу фактілерін жасыру жаппай етек алып, күрделі мәселеге айналды, ал бұл эпизоотиялық жағдайды нақты бағаламаудан және ветеринариялық іс-шараларды дұрыс жоспарламаудан туындаған келеңсіз жағдайлардың басты себебі болды, деп хабарлайды ҚР Парламенті Сенатының баспасөз қызметі.

«Жуырдағы жоғары патогенді құс тұмауының өршуі ветеринария саласының қауқарсыздығын айқын көрсетті, оның нәтижесінде құс шаруашылығы өнеркәсібінің бірқатар кәсіпорны жылдар бойы өсірген құс басынан айырылды, оған қоса қазіргі экономикалық дағдарыс жағдайында республикалық бюджеттен 3,7 млрд теңге мөлшерінде өтемақы төлеуге мәжбүр болып отырмыз», – деді сенатор.

Сенат депутаты ветеринария жүйесінің елдегі жемқорлық жайлаған салалардың біріне айналғанына алаңдаушылық білдірді. Мұның себебі – жалақының мардымсыз деңгейі (мал дәрігерінің орташа айлық жалақысы 80-100 мың теңге шегінде), зиянды еңбек жағдайлары үшін үстемеақының болмауы, материалдық-техникалық базаның артта қалуы. Ал ауыл шаруашылығы жануарларын идентификациялау және есепке алу жүйесінде, оларға қатысты бірыңғай ақпараттар дерекқорын қалыптастыруда цифрлық технологиялардың тиісті деңгейде енгізілмеуі – мал дәрігерлеріне субсидияларды заңсыз алу мақсатында шаруашылық субъектілерінің жануарлары туралы ақпаратты түзетуге жол беріп отыр.

«Сыбайлас жемқорлық ветеринарлық препараттарды мемлекеттік сатып алу жүйесін де терең жайлап кетті, бұл – саланың сапасыз вакциналар мен диагностикумдармен жабдықталуына себеп болды. Ветеринарлық қызметтің негізгі түрлерінде мемлекеттік монополияның басым болуы және жергілікті жерлерде кадрлардың тапшылығы ветеринария саласына жеке капиталдың келуін іс жүзінде тоқтатып тастады», – деді Ақылбек Күрішбаев.

Сенатор ветеринариялық инспекторлардың жалақысын көбейтумен қатар, еңбектің зиянды жағдайлары үшін, олардың аса қауіпті ауруларды жұқтыру қатерінің болуын ескере отырып, үстемеақы төлеуді көздеу қажет екенін айтты. Ақылбек Күрішбаев ветеринария және жануарларды есепке алу жүйесіне қазіргі заманғы цифрлық технологияларды енгізуді жеделдету, жоғары оқу орындарында ветеринария мамандарын даярлау жүйесін оқу процесін ғылыми-зерттеу қызметімен интеграциялау, ветеринариялық зертханалар жүйесін орталықсыздандыру және референттік-бақылау функцияларын күшейту жолымен реформалау маңызды екеніне тоқталды. Сонымен қатар, депутат елімізде өндірілетін және мемлекеттік тапсырыс бойынша сатып алынатын ветеринариялық препараттардың сапасын бақылаудың тәуелсіз жүйесін құру қажеттігіне назар аудартты.

Хабар 24 телеарнасы