427,82 518.00 5.92
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қ.Көшербаев саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі комиссияның міндеттерін атады

  • 207
  • UPD: 18:51, 03.12.2020

Елордада саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның бірінші отырысы өтті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жиында комиссияның 2020-2021 жылдарға арналған жұмыс жоспарын анықтау, негізгі міндеттерді айқындау және құрбандарды бірнеше топқа бөліп қарастыру сияқты мәселелер талқыланды.

Еліміздің Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев «Кеңестік кезеңде қуғынға ұшырағандардың барлық санатына қатысты тарихи әділдікті қалпына келтіруіміз тиіс», деді өз сөзінде. Жиналған материалдар халықаралық тәсілдер мен талаптардың негізінде талданады. Бұл мақсатта арнайы жұмыс топтары құрылады деп жоспарланып отыр. Айта кетейік, Мемлекет басшысы 24 қарашада Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі Мемлекеттік комиссия туралы жарлыққа қол қойған.

Қырымбек Көшербаев, ҚР Мемлекеттік хатшысы:

- Ендігі жерде алдымызда аса ауқымды міндеттер, күрделі тарихи мәселелер тұр. Бұл істі баршаңызды байыптылықпен, барынша жауапкершілікпен қарауды сұраймыз. Мемлекеттік комиссия эмоцияға беріліп, қызылкеңірдек дау-дамайға жол беретін дискуссия алаңы емес. Біздің мақсатымыз орнықты шешімдер қабылдап, тарихи әділеттілікті қалпына келтіру жолындағы жоғары кәсібилік пен әділдікке қалтқысыз қызмет ету екенін естеріңізге саламын.

Зиябек Қабылдинов, Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының директоры:

- Бүгінгі күні 100 мыңның үстінде республикамыздың азаматы қуғын-сүргінге ұшырады десек, комиссияның нәтижесі бойынша ол цифра он мыңдап өсіп кетуі мүмкін. Соларды анықтау керек, соларды зерттеу керек. Облыс орталықтарындағы мұрағаттарда жұмыс болады. Алматы және Нұр-Сұлтан қаласындағы мұрағаттарда да жұмыс топтары жұмыс істейді.

Хабар 24 телеарнасы