419,54 511.30 5.71
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Алматыда науқастар МӘМС аясына кіретін қызметтерді ақы төлеп алған

  • 115
  • UPD: 21:34, 03.12.2020

Кез келген оңалту шаралары, атап айтқанда, физиоемдеу емханаларда тегін жүргізілуге тиіс.

Өйткені бұл қызмет түрі міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға жатады. Алайда кейбір емханаларда алматылық тұрғындар бұл ем-шараға ақша төлеген. Яғни, кем дегенде 5-10 күнге тағайындалатын емнің әр күніне 1500-2000 теңгеден берген.

Гүлжан Көленқызы, тілші:

- Денсаулығына байланысты тексерулерден өткен Анна Мельниковаға дәрігер аналық түтікшелерінің қабынуы деген диагноз қояды. Ары қарай емделу үшін оған электрофорез және магнитті терапия тағайындайды. Ал, физиобөлімше дәрігері бұл ем-шараның міндетті медициналық сақтандыру аясына кірмейтінін ескертеді.

Анна Мельникова, қала тұрғыны:

- Мен екі ем-шара үшін күн сайын 2600 теңге төледім. Сонда 5 күнде қанша кеткенін есептей беріңіз. Төлегенім туралы түбіртегім де бар. Сақтандыру қорына ай сайын жалақымнан 1% жарна төлеп тұрамын. Бірақ маған дәрігер бұл қызметтің ақылы екенін айтты. Өз денсаулығың үшін төлейсің, амал жоқ.

Ия, науқас адам сауығып кету үшін ештеңеден бас тартпайтыны белгілі. «Ал, шындығында, егер оның сырқатына сәйкес емдеу хаттамасында физиотерапия көрсетілсе, ол ем-шара тегін жасалады», - дейді дәрігерлер.

Әйгерім Барбосынова, нейрореабилитолог дәрігер:

- Физиоемдеу кардиологиялық, неврологиялық ауру түрлеріне тағайындалады. Бұдан бөлек, түрлі жарақаттар, сүйектің зақымдануы, буын аурулары мен қабынуларда физиоемдеу жақсы көмектеседі. Бұл ем-шаралардың барлығын науқастар тегін алады.

Тұрғындар міндетті медициналық сақтандыру жүйесі туралы толық білмейтіндіктен артық шығындануға мәжбүр. Ия, науқастар үшін емханаларда арнайы ақпараттық тақта ілінген. Өкінішке орай, онда нақты қандай ем-шара сақтандыру аясына кіретіні жіктеп көрсетілмеген.

Тілеухан Әбілдаев, МСҚ қалалық филиалының директоры:

- Емханаларда егер де мұндай мәселелер орын алатын болса, бізге шағымдануына болады. Мысалы медициналық сақтандыру қоры әрбір адамның шағымы орынды болатын болса, ол кісілердің шағымданған кездегі медициналық қызметтің түрлері көрсетілмеген болса, ол емханаларға ықпал ету арқылы мәселені шешіп береді. Екінші жағынан мұндай мәселелер анықталған жағдайда ол емханаларға біз шаралар қолданамыз. 1406 орталықтанған байланыс орталығы бар. Соған қоңырау шалса болады.

Айта кетейік, медициналық сақтандыру аясында физиотерапиядан бөлек, жоғары технологиялы магниттік резонансты томография, компьютерлік томография сияқты қымбат диагностикалық шаралар науқастарға тегін жасалады.

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Нұрдәулет Жақсыбаев, Эдуард Кон

Хабар 24 телеарнасы