Коронавирус жұқтырғандар бойынша Солтүстік Қазақстан тізімнің басында тұр, деп хабарлайды «Хабар 24».
Індет көрші елден келгендерден де анықталып жатыр. Нақтырақ айтсақ, қазан-желтоқсан айларында өңірдегі шекара бекеттерінен барлығы 30 мыңға жуық адам өткен. Ал оның тек 8034-інде ғана ПТР анықтамасы болған. Зертханалық тексеру кезінде 185 адамнан COVID-19 анықталды. Ал жаңа оқу жылы басталғалы 199 оқушы кесел жұқтырды. Оның 159-ы екінші тоқсанда ауырған. Осыған байланысты үш мектептің 28 сыныбы қашықтан оқуға көшті. Айта кету қажет, облыс әлі күнге қызыл аймақта. Петропавлдан бөлек, 7 елді мекен карантинге жабық.
Арман Күшбасов, облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының м. а.:
- Өңірдегі эпидемиологиялық жағдай бір қалыпты. Бастысы, өсім жоқ. Мәселен соңғы екі аптаның қорытындысы бойынша орташа есеппен бір тәулікте індет жұқтырғандар 100-110 адамнан аспайды. Науқастардың көбінде ауру белгілері жоқ. Дегенмен, олар тасымалдаушы болып табылады. Оның үстіне бұрын қауіпті инфекцияға шалдыққандардың 50%-і Петропавл қаласының тұрғындары. Қазір бұл көрсеткіш 40%-ке төмендеді.