414,36 504.70 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

СҚО-да жұмыртқа тапшылығы болуы мүмкін

  • 136
  • UPD: 22:24, 04.12.2020

Солтүстікқазақстандық кәсіпкерлер қырылған құс үшін өтемақыларын толық ала алмай жүр.

Салдарынан кей құс фабрикалары жұмысшыларына айлық төлеу үшін өзге өңірлерден жұмыртқа әкеліп сатуға мәжбүр. Мәселе жақын күндері шешілмесе, жұмыртқа тапшылығы болуы мүмкін. Ал билік қаржы жақын күндері түседі деп сендіріп отыр.

Бұл – өңірдегі ең ірі құс фабрикаларының бірі. Жылына 150 мың дана жұмыртқа өндіретін. Бірақ құс тұмауы кезінде мұнда 590 мың бас қанатты жойылды. Ал кәсіпорын басшысына ол үшін өтемақы толық көлемде төленбеген.  

Игорь Тищенко, құс фабрикасының директоры:

– Республикалық эпизоотияға қарсы отрядтың бухгалтериясына хабарласып мән-жайды сұрадым. Ондағылар бар ақшаны аудардық. Қазір қаржы таусылды. Келесі транш қашан болатыны белгісіз екенін айтты. Ал бізге жуық арада құс әкелу керек. Оны өсіріп, жоғары санатты жұмыртқа алғанша бір жылдан астам уақыт қажет.

Бүгінде құс фабрикасы қаңырап, бос тұр. Кәсіпкер тиесілі өтемақының тек 15 процентін алған. Шаруашылықты уақытылы қалпына келтірмесе, қыста ғимарат қабырғалары сыз тартып, қондырғылар бұзылуы мүмкін. Тығырыққа тірелген кәсіпорын қазір алып сатарлықпен айналыса бастады.  

Игорь Тищенко, құс фабрикасының директоры:

– Жұмыртқаны өзге өңірлерден әкеліп, сәл қымбатқа сатып жатырмыз. Себебі күзетші, есепші сияқты жұмысшыларға айлық төлеуіміз керек. Басқа амалымыз жоқ.

Құс тұмауынан облыстағы қанаттылардың үштен бірі қырылды. Бүгінде 451 млн теңге көлемінде өтемақы төленді. Оның 143 млн-ы жеке тұрғындарға, қалғаны фабрика иелеріне берілген.

Берік Әлжанов, облыстық Ветеринария басқармасының басшысы:

– Қалған сомасы желтоқсанда төленуі тиіс. Қазіргі таңда біз статистика комитетінен қараша айының орта айлық нарықтық бағаларын алдық. Бүгін комиссия отырысы өтеді. Содан кейін келесі аптада сол жұмыстар жалғасады деп отырмыз.

Егер өтемақы мәселесі жақын арада шешілмесе, өңірде жұмыртқа тапшылығы болуы мүмкін.

Авторлары: Самат Қайырденұлы, Руслан Әлиев

Хабар 24 телеарнасы