419,66 501.30 5.64
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Ақтаудағы Қаракөлге баратын жол күл-қоқыстан тазартылады

  • 201
  • UPD: 22:30, 04.12.2020

Ақтаудан 15 шақырым  жердегі Қаракөл көлінің маңайы күл мен қоқыстан тазартылатын болды.

Қазір осы су қоймасына баратын жолдың бойындағы бейберекет тасталған тұрмыстық қалдықтан көз тұнады.

Айта кетерлігі, Қаракөл аумағында қысы-жазы ыстық су ағатын бұлақ көзіне кісі көп барады. Тұрғындардан келіп түскен шағымнан соң қала билігі қаражат қарастырып, мәселені шешуге кірісті.

Қаракөл деп аталатын суқоймаға қала сыртындағы жылу станцияларында энергетикалық жабдықтарды суыту үшін қолданылған теңіз суы құйылады. Бұл аумақтың ажарын суық түсе ұшып келетін аққулар мен қоқиқаздар ашып тұратыны рас. Алайда табиғаттың осындай сұлу келбетін жасанды көлге апаратын жол маңайында шашылып жатқан күл мен қоқыс кетіріп-ақ тұр.

Дина Қарабалина, қала тұрғыны:

– Қаракөл маңындағы радон суына біз жиі барып тұрамыз. Сол жерде ыстық бұлақ көзі бар. Бірақ айналасы өте лас. Ұлулы тастар, бос бөтелкелер тіпті ескі көліктер де шашылып жатыр. Осыны жинап алатын адам болса екен дейміз.

Раушан Деменова, қала тұрғыны:

– Жақын арада барғанбыз. Жолдың бойында матрацтар да жатыр. Соған қарағанда біреулер күн жылыда түнеп жүрген шығар. Табиғатқа шығып, демалған дұрыс қой. Бірақ артын бүлдіріп кететіндер бар. Осыны бір қадағалап, шара қолданбаса, Қаракөлдің бойы қоқыс полигонына айналып кетеді.

Бұл мәселемен қала билігі хабардар. Шешуге кірісіп те жатыр. Алдымен  аумаққа кеңестік дәуірден бері тасталып келген күл-қоқыстың жалпы көлемін анықтау қажет. Қазіргі уақытта жауапты мамандар осы іске жұмылдырылған.

Алпысбай Таубаев, «Қалалық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы» ММ басшысының орынбасары:

– Кеше комиссия құрамымен Ақтау қаласының сыртына барып келгенбіз. 500 метрдей жобада бұрыннан бері жинақталған қоқыс анықталды. Яғни ол Ақтау қаласының аумағына жатады. Сондықтан 2021 жылға ұсыныс беріп, тазалататын боламыз. Қаражат бөлінгеннен кейін осы жұмыстармен айналысамыз.

Тазарту жұмыстарының келесі жылдың қай айында жүргізілетіндігі әзірге белгісіз. Алдымен жазбаша берілген ұсыныс мақұлданып, бюджеттен қаржы бөлінуі керек. Содан соң мемлекеттік сатып алу конкурсы өткізіледі. Әкімдік  жеңімпаз болып табылған мердігерге бұл жұмыстарды кідіріссіз бастатуға уәде беріп отыр.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев

Хабар 24 телеарнасы