427,15 517.06 5.74
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Ресейдегі қазақ сарбазының сүйегі елге жеткізіледі

  • 266
  • UPD: 22:31, 04.12.2020

Мәскеуде Отан соғысы кезінде қаза тапқан қазақ жауынгерінің сүйегін Қазақстан тарапына табыс ету рәсімі өтті.

Майдангердің қабірі биыл қазан айында Смоленск облысында іздестіру жұмыстары кезінде табылған. Мамандар мұқият зерттеу нәтижесінде сарбаздың есімін анықтап, оның туыстарын да тапты.

«Өткел» деп аталатын іздестіру отрядының мүшелері бұл сарбаздың сүйегін Смоленск облысының Кардым ауданында тапты. Қасында фляжкасы, қару-жарағы және ішіне бір жапырақ қағаз салынған медальон болған.

Наталья Максимова, «Өткел» отрядының командирі:

– Қағазда Гурьев облысы, Бақсай ауданы, Сарайшық ауылы деген жазу бар. Ербатырова Архимаға алуы тиіс. Жауынгер өз есімін жазған жоқ. Бұл біз үшін жұмбақ болды. Қазақстандық іздестірушілерден бұл сарбаздың туыстарын табуға көмек беруін сұрадық. 1940 жылы сол елді мекенде Ербатырова Архима есімді жалғыз әйел болғаны анықталды.

25 жылдық тәжірибесі бар іздестіруші Наталья Максимова Қазақстанда дүниеге келген. Сол себептен жерлесінің туыстарын табуды өз парызы деп санаған. Нәтижесінде сарбаздың да есімі белгілі болды. Танк бөлімінде қызмет еткен Сапарғали Мукалов 1941 жылы Смоленск шайқасына қатысқан екен.

Нина Куликовских, «Борыш» іздестіру бірлестігінің басшысы:

– Жұмысымыз тез өтті. Өйткені тарихи естеліктерімізді сақтау бойынша Қазақстанмен достық қарым-қатынас орнаған. Шайқастар болған жерлерде қазақ жауынгерлерінің сүйектері жиі кездеседі.

Жақын арада Сапарғали Мукаловтың сүйегі Атырау облысына жеткізіліп, туған өлкесінде әскери құрметпен жерленеді.

Авторлары: Дана Нұржан, Дмитрий Настиченко

Хабар 24 телеарнасы