419,54 511.30 5.71
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Табиғат жанашырлары Алматыдағы ауа тазалығына алаңдаулы

  • 106
  • UPD: 22:51, 04.12.2020

Алматы қаласымен іргелес жатқан ауылдар алдағы төрт жылдың ішінде толық көгілдір отынға қосылуға тиіс.

Әйтпесе көмірден шыққан көк түтін қаланың ауасын ластауға кәдімгідей кері әсерін тигізеді. Бұл туралы шаһардың экологиялық проблемаларын кешенді түрде шешуге бағытталған «Бизнестің жол картасы» бағдарламасын талқылау кезінде айтылды. Алматының экологиясын жақсарту үшін тағы қандай шаралар жүзеге асады?

Алматы экологиясын жақсартуды көздейтін «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы 5 бөлім, 20 тармақтан тұрады. Шаһар еліміздегі лас он қаланың біріне жатады. Өткен жылы атмосфераға 144 мың тонна зиянды зат бөлініпті. Оның 52 проценті автокөліктерден, 34 проценті жылу электр орталықтарынан, ал 14 проценті жеке тұрғын үйлерден шыққан. 

Зұлфухар Жолдасов, Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің төрағасы:

– Анализ жасаған кезде Алматы агломерациясында 50 проценттен аса үй көмір пешін қолданатыны анықталған.

Болашақта сол үйлерді және 2-ші, 3-ші жылу электр орталығын көгілдір отынға көшіру көзделіп отыр. Көліктен шығатын көк түтінді де азайту қажет. Ол үшін техникалық бақылау жасайтын орындар мен жанармай сататын бекеттерге талап күшейеді. Бензин сапасын тексеретін зертхана ашылады. Ал экологтар болса қаладағы көліктердің көбісі ескі екенін алға тартты. Табиғат жанашырлары: «Тұрғын үй құрылысын да жөнге келтіру керек», – дейді.

Мэлс Елеусізов, эколог:

– КСРО Ғылым академиясының ғалымдары бір кездері  зерттеу жүргізіп, Алматының экологиясы 700 мың адамнан артық халықты қамтамасыз ете алмайды деген шешім шығарған. Бүгінде 3 миллионға жетіп қалды. Қаланы қашанғы соза береміз? Жаңа төраға Алматыда жел жоқ деді. Ол рас. Бұрын әйтеуір таңертең, кешке самал жел соғып тұрушы еді. Ал қазір жапырақ сыбдырламайды. Себебі биік үйлердің кесірінен жел өтпейді.

Егер 80-жылдары Алматыда секундына 11-12 метр жылдамдықпен жел соғып тұрса, бүгінде секундына 0-2 метр ғана соғады. Оның өзінде жылдың 360 күнінде тымық ауа райы тұрады екен. Жел болмаған соң ауа да тазаланбайды.  

Зұлфухар Жолдасов, Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің төрағасы:

– Басты жоспарға әкімшілік өзгерістер енгізуі тиіс. «Бизнестің жол картасы» бағдарламасының ішінде ондай тапсырма бар. Қазіргі саны 2,2 млн болып тұрса, осы үш жыл ішінде біздің миллион ағаш егуіміз керек. Негізінен қаладағы ағаш саны үш миллионның үстінде болуы шарт.      

Ағаш демекші, заңсыз кесілген бір ағаштың орнына 20 тал егу және айыппұлды арттыру мәселесі де қарастырылуда. Осылайша 4 жылдың ішінде Алматы ауасына бөлінетін зиянды заттарды 144 мың тоннадан 79 мың тоннаға дейін азайтамыз деген үміт бар. Қарапайым тілмен айтсақ, Алматы қатты ластанған қаладан орташа ластанған қалалардың қатарына қосылуы тиіс. 

Авторлары: Ұлан Нарынбек, Валентин Лобанов

Хабар 24 телеарнасы