419,54 511.30 5.71
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Ақтөбелік өнерлі оқушы бұйымдарымен талай жұртты таңқалдырды

  • 160
  • UPD: 20:55, 05.12.2020

Ақтөбеде 14 жасар қыз бала ертегі кейіпкерлері мен ойыншықтарды тоқуымен көпшілікті таңқалдырып жүр. Қолөнерге екі жыл бұрын ден қойған бұрымдының бұйымдары әжептәуір табыс әкеле бастаған.

Тоқыған қуыршақтары мен оған арналған киімдері елдің бірқатар қалаларына кетіп жатыр. Ақпейіл Сағидің талантына тәнті болғандар оның әрбір бұйымын бақылап отыратын болған.

Жас тоқымашымен кездесу біз қалаған уақытта бола қоймады. Себебі Ақпейіл әр күнді тиімді өткізуді үйренген. Түске дейін сабақта болса, одан кейін қолөнер үйірмесіне қатысып, сүйікті ісімен айналысуды дағдыға айналдырған. Біз келгенде кезекті бұйымын тоқып жатты. Ал алдындағы түрлі-түсті жіптермен тоқылған қуыршақтар бірнеше күн атқарылған жұмыстың нәтижесі екен. 

Ақпейіл Сағи, оқушы:

- Куклаларды мен көбінесе сабақ уақытында 3-4 күнде бітіретін болсам, егер де каникул, демалыс уақытында болатын болса онда 2 күнде бітіре аламын. Куклаларды тоқуымның себебі көптеген кішкентай қыздар осындай куклалардың киімдерін шешіп, шаштарын өрумен өте қатты қызығады. Және де көйлектерін әртүрлі түстермен өзімнің қиялымнан шығарамын. 

8-сынып оқушысының бұл өнерге ден қойғанына екі жыл болған. Осы уақыт аралығында 60-тан астам қуыршақ пен бірқатар көрпе және өзге де бұйым тоқыған. Әр затты жасаудың негізгі идеясы өзінікі болғанымен пішіні мен сұлбасын үйірме оқытушылары дайындап берген. Нәтижесінде әлеуметтік желіге жарияланған бұйымдары тез өтіп кетіп жатыр. Қазір Ақтөбеден өзге Алматы, Ақтау, Атырау және Нұр-Сұлтан қалаларынан да тұрақты түрде тапсырыс бар. Айына жүз мыңға дейін табыс түсетінін жасырмайды. Қазір қуыршақтан өзге келер жылдың басты нышанын да тоқуды меңгерген.  

Ақпейіл Сағи, оқушы:

- Сиыр өте әдемі, сондай көздің жауын алатын кірпіктерімен, шаштарымен адамдарды қызықтырады. Және де осындай әдемі қызыл түсті өзіне үйлесетін шарфтарымен бірге әкеммен бірге үйлестіретін боламын. Жіптерін әкеммен бірге сатып аламын. Мүйіздерін де, элементтерін де бөлек-бөлек тоқып аламын сосын барып, жіптермен қадап тоқып жіберемін. 

Ақпейіл үшін оқу бірінші орында. Өзі білім алатын Мақсот Құсайынов атындағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернаттың озат оқушыларының бірі. Қол өнер үйірмесіне келетін өзге құрбылары да бүгінде шығармашылығымен көпшілікті таңқалдыра бастапты.

Анаргүл Сапарқызы, М.Құсайынов атындағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернатының мұғалімі:

- Оқушылардың көпшілігі облыстық, республикалық байқауларға қатысып, жүлделі орындарға ие болып жүр. Бұның барлығы ата-ананың, мектеп әкімшілігінің және ұстаздардың жетістігі деп ойлаймын. 

Тоқыма өнеріне ден қойған 14 жасар Ақпейіл Сағи болашақта дизайнер мамандығын меңгермек ойда. Сөйтіп, ағасымен бірге ата-анасына үлкен әрі әдемі үй салып бермек жоспары бар.

Авторлар: Әнуарбек Мырзатайұлы, Болат Молдағалиев

Хабар 24 телеарнасы