419,69 511.30 5.67
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Депутат Алматыда тұрмыстық зорлық-зомбылыққа тап болған әйелдермен кездесті

  • 150
  • UPD: 21:21, 05.12.2020
Депутат Алматыда тұрмыстық зорлық-зомбылыққа тап болған әйелдермен кездесті

Елімізде «Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заң жобасы талқыланып жатыр.

Парламент депутаты Ирина Смирнова Алматыдағы «ARASHA» баспанасындағы әйелдермен кездесіп, аталған тақырыпқа қатысты сөз қозғады. Жаңа Заң жобасында қысымға ұшыраған нәзік жандылардың құқығын қорғау қарастырылған.

«Құжаттың жобалық кезеңінде жәбірленушілердің пікірін тыңдап, жанайқайларына құлақ асқан абзал» дейді депутат.

Ресми мәліметтерге сәйкес, жыл басындағы 4 айда 47 мың тұрмыстық зорлық оқиғасы тіркелсе, тағы 4 айдан кейін жәбір көргендер саны 132 мыңға жеткен. Шарасыз жандар отбасынан безіп, дағдарыс орталықтарын паналауға мәжбүр.

Ирина Смирнованың айтуынша, жаңа заң жобасы тұрмыстық зорлыққа тап болғандарды арашалап, құқығын қорғауға мүмкіндік беретін жалғыз жол.

Ирина Смирнова,​ ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты​:

- Қазіргі жағдай бойынша жәбірленуші полицияға арыз жазса, құқық қорғау органдарының өкілі отбасы мүшелеріне қысым көрсетушіні бөлімшеде 3 сағат ғана ұстай алады. Босаған соң ол үйіне келіп, қол көтеруін одан әрі жалғастырады. Сондықтан оның қайта келетінін білетін жәбірленуші полицияға хабарласпай, шыдап жүре береді. Енді жаңа заң жобасы қысым көрсетушінің белгілі бір уақытқа дейін үйіне оралмауын қамтамасыз етеді. Сондай-ақ бұрын арыз тек тұрмыстық зорлық көрген адамнан қабылданатын. Ал енді отбасындағы қысым туралы көршілері, кездейсоқ куәгерлер де арыз түсіре алады.

Хабар 24 телеарнасы