419,87 505.95 5.64
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Алматыда жеті мың орындық стационар дайындалды

  • 142
  • UPD: 18:31, 07.12.2020

Алматыда коронавирус індетімен күреске 30 млрд-тан астам қаржы бөлінді.

Бюджетті қайта қарау кезінде жауаптылар конференциялар, дөңгелек үстелдер, салтанатты мәдени-бұқаралық кештерден бас тартты. Бұл туралы бүгін Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев мәлімдеді. Мегаполисте пандемияның жаңа толқынына 7000 төсектен асатын 23 стационар дайындалды. Оның ішінде 250-і – реанимациялық типті. Клиникалардың материалдық-техникалық базасын нығайту үшін биыл 4 мыңнан астам жабдық сатып алынды. Оның ішінде 236-сы – өкпені жасанды желдету аппараты.

Бақытжан Сағынтаев, Алматы қаласының әкімі:

– 35 жаңа жедел жәрдем көлігі сатып алынды. 16 желтоқсанға дейін қосымша 50 жаңа көлік келеді. 2021 жылдың басында тағы 50 қосылды. Өткен жылы біз медициналық қызметтермен  қолжетімділікпен қамтамасыз ету бойынша 3 жылдық қалалық жоспарды қабылдадық. Барлығы 35 амбулатория саламыз. Қазірдің өзінде 16 амбулатория іске қосылды. Келесі жылы тағы 11 амбулатория пайдалануға беріледі. Пандемияға қарамастан, кесте бойынша жүреміз.

 

Дәрі-дәрмек қорын жасақтауға 10 млрд теңге бөлінді

Алматының дәрі-дәрмек қорында 8 млн дәрі бар. Бұл – 68 атау бойынша жеке қорғану құралдарының екі айға жететін қоры. Осы мақсатқа 10 млрд теңге бөлінген. Бұл – емханалар мен дәріханаларды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге кететін қаржы. Сондай-ақ Бақытжан Сағынтаев қалада шектеу шараларын күшейте алатын жағдайларды атап өтті.

«Бұл коронавирус жұқтырып, ауруханаға жатқызылғандардың көрсеткішіне байланысты», – деді ол.

Бақытжан Сағынтаев, Алматы қаласының әкімі:

– Стационарларға қанша пациент түсетініне байланысты. Бүгін біз жасыл аймақта тұрмыз, яғни санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтаймыз. Егер біз нормаларды бұзсақ, маскасыз жүрсек, күнделікті өсу шамамен 100-150 инфекция жағдайында болады. Бұл қазіргі жағдаймен салыстырғанда қатаң шараларға әкелуі мүмкін.

 

Туристік трамвай мен қаладағы кептеліс мәселесі

Сондай-ақ есебінде Алматы әкімі қаланың төменгі жағында туристерге арналған трамвай жүргізілетіні жайлы да айтты. Бірақ нақты мерзімі әлі белгісіз. Айта кету керек, биыл ақпанда Алматы тұрғындарымен кездесуінде Бақытжан Сағынтаев Ыстамбұлдағыдай туристерге арналған трамвай шығаруды ұсынған еді. Сонымен қатар әкім Алматы мен Талғар арасындағы кептелістен қалай құтылуға болатынын айтты.

«Ол үшін арнайы депо ашу жоспарда бар. Талғар жақтан келетін жолаушылар осы арадан автобусқа отыратын болады», – деді Сағынтаев.

Жобаға қаржылай демеушілік жасайтын жеке инвестор да табылған.

Авторы: Гүлзия Нақыпқызы

Хабар 24 телеарнасы