429,33 519.25 5.73
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

ШҚО-дағы Қалжыр ауылына таза ауызсу көктемде беріледі

  • 167
  • UPD: 22:08, 07.12.2020

ШҚО-дағы Қалжыр ауылының тұрғындары ауызсуға зәру.

«Сала мамандары су құбыры тартылып, орталық желіден таза су беріледі», – дегелі екі жаз өтті дейді жергілікті жұрт. Алайда сол беті құдықтағы қара суға қарап қалған. Ал әкімдік өкілдері көктем шыға Қалжыр толықтай ауызсу желісіне қосылады деп сендірді. Талай жыл тіршілік нәрінен тапшылық көрген тұрғындарды тілшіміз тыңдап қайтты.

Толғанай Имажанованың аядай ауылда шағын ісін дөңгелетіп жүргеніне 15 жыл болыпты. Көп-көрім кәсібін кері тартып келе жатқан жалғыз мәселе – орталық ауызсу желісінің жоқтығы. Айтуынша, соңғы екі жазда ауылға су тартылады деп әкім-қаралар жанталасумен келген. Бірақ әлі бір тамшы су ақпаған. Сондықтан ол 12 метр тереңдіктен құдық қазып, соның суын амалдап отыр.

Толғанай Имажанова, кәсіпкер:

– СЭС талабы бойынша бізде су ағып тұру керек. Бірақ үнемі су мәселесін көтереміз. 12 метрлік құдықтан су алып отырмыз. Оның суы жетпейді. Су төмен түсіп, қыстыгүні мүлдем тартылып қалады.

Ауыл болғалы құдықтағы суға қарап отырған Қалжыр тұрғындары: «Орталық желіден берілетін тіршілік нәрі шаруамызды біршама жеңілдетер еді», – дейді. Оның үстіне көпшілігі 10-15, кейбірі тіпті 3 метр тереңдіктен шыққан суды ішіп отыр. Яғни сапасы да күмәнді. Сондықтан Ақбұлақ бағдарламасы бойынша 500 млн теңгеге ауызсу құбырын тарту жұмысы өткен күзде басталыпты. Мердігерлер жыл соңына дейін жобаны аяқтаймыз деп сендірді.

Айдын Есілбаев, мердігер компания өкілі:

– Су 100 процент бітті деуге болады. Көктемде жібереміз. Бәрін тартып қойдық.

Ауылдықтар биыл  резервуар құрылысы аяқталады дегенге аса сенбесе керек.Сондықтан аулаларына су құбырын тартып кіргізбепті. Ал қазір жер тоңы қатып қалды. Сол себепті енді тек көктемде ғана магистральмен су жіберілмек дейді сала мамандары. Егер Қалжырға су тартылса, онда бүкіл ауылдық округте ауызсу мәселесі толық шешіледі деген сөз. Өйткені түтін саны аз елді мекендерге блок модульді станциялар қойылып жатыр.

Қуат Қизатов, Қалжыр ауылдық округінің әкімі:

– Оң жақ Қалжырға блок модульді станция қойылды. Далаға орталық су құбыры орнатылды. Бір жыл бұрын Шеңгелді ауылына блок модуль қойылды. Халқы таза ауызсу ішіп отыр. Тақыр ауылында да орталық су құбыры істеп тұр.

Жалпы биыл облыстағы ауыл-аймақтарда 20 мыңға жуық тұрғын ауызсумен қамтылады. Өңірде  барлығы  683  ауыл болса, әзірге соның 80 проценттен астамы тіршілік нәріне қосылған.

Авторлары: Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов

Хабар 24 телеарнасы