430,69 515.14 5.65
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қазалы ауданының тұрғындары емхана ғимаратының тарлығына шағымданады

  • 215
  • UPD: 09:34, 08.12.2020

Қазалы ауданының тұрғындары жергілікті емхана ғимараты тарлық ететінін айтады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Аядай ғана бір кабинетте бірнеше дәрігер мен медбике қатар отырады. Әлемді қауіпті вирус кезіп, індет дендеп тұрған шақта мұндағы санитариялық талаптар туралы, оны сақтау жайында әңгіме қозғау тіпті қисынсыз. Айтулы мәселе қашан шешімін табады?

Нұрлан Жақыпбеков, тілші:

- 1993 жылы мына ғимарат емхана ретінде бейімделіп, пайдалануға берілген. Содан бері қазалылықтардың игілігіне жарап келеді. Аудандағы 76 мыңдай халықтың 56 мыңына осы денсаулық сақтау нысаны қызмет көрсетуде. Карантин талаптарына орай түсіру тобын емханаға кіргізбеді. Дегенмен, қиындықтар барын меңгерушісі жасырған жоқ.

Ғалымбек Баймаханов, Қазалы аудандық орталық емхана меңгерушісі:

- Қазір осы тұрғанда бір кабинетте 2 дәрігер, 4 медбикеден отырса кішкене кемшіліктері бар. Өйткені бізге тарлау болып тұр.

Айтулы мәселені шешу үшін биыл ауданда жаңа емхананың құрылысы басталды. Жоба бойынша келесі жылы іске қосылуы тиіс медициналық нысан бір ауысымда 250 келушіге қызмет көрсететін болады.

Сүлеймен Байтөреев, құрылыс учаскесінің бастығы:

- Қаржы, материал уақытысында бөлініп тұр осы уақытқа дейін. Жұмыс өз қарқынымен жүріп жатыр. Келесі жылы 2021 жылдың желтоқсан айында береміз.

Жаңа емхана осыдан 2 жыл бұрын іске қосылған 150 орынды аудандық аурухана жанынан салынуда. «3 қабатты ғимарат уақыт талабына сай озық құрылғылармен жабдықталып, медициналық қыметтің сапасы артатын болады», - дейді мамандар.

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Әлхайдар Тұрлыханов

Хабар 24 телеарнасы