424,94 504.55 5.82
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

«Нұрлы жер»: Державинск қаласында 60 пәтерлі үй пайдалануға берілді

  • 321
  • UPD: 09:44, 08.12.2020

Ақмола облысының Державинск қаласында 60 пәтерлі үй пайдалануға берілді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Баспана «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша салынып, олар көп балалы отбасылар, жетімдер мен мүмкіндігі шектеулі жандар секілді әлеуметтік әлжуаз топтағы адамдарға үлестірілді. Ал, шағын шаһарда тұрғын үй құрылысы енді қалай өрбиді? Ескі үйлердің тағдыры қалай шешіледі?

Дамир Берікұлы, тілші:

- Жас та болса, көп балалы Әбдірахмановтар отбасы көптен күткен өз пәтерлеріне қол жеткізді. 5 жылға жуық айына 25 мың теңгеден төлеп, ескі бір үйді жалдап келген оларға 3 бөлмелі баспана бұйырыпты. Ал, бұл отбасы кезекке екі жыл бұрын ғана тұрған екен.

Марал Мұқанова, Державинск қаласының тұрғыны:

- Кезегіміз тез келді. Соған мың да бір рахмет. Жанұямызбен қуаныштымыз. Алла жазса бір-екі аптадан кейін осы үйге көшіп келеміз.

Ал, осыған дейін қалада дәл осындай 6 үй пайдалануға берілген болатын. Олардың барлығы да кезінде қаңырап бос қалған ғимараттарды  қалыпқа келтіру арқылы іске асқан. Ал, мұнда шаһар сәулетінің сәнін кетіріп тұрған ондай тағы 20 шақты үй бар. Өкінішке орай олардың 9-ы ғана мемлекеттің меншігінде. Ал, қалғандары кезінде жекеге сатылған екен.

Амантай Ахметов, Жарқайың аудандық құрылыс және сәулет бөлімінің жетекшісі:

- Үйлер бос қалды ғой. Сындырып жатты. Сол себептен енді орнына келтірсін дедік. Олар келтірген жоқ. Бірақ сырғанын сырып, материалдарын, жерін босатады ғой. Сырмаса, уақыты келген кезде қағаздар жазып, сотқа беріп, шара қолданамыз. Ал, былай жекеменшікке істеуге бізге қиын болады.

«Ал, жергілікті әкімдіктің меншігіндегі қалған екі үй алдағы жылдары мемлекеттік бағдарламалардың көмегімен қалыпқа келтіріліп, кезекте тұрғандарға беріледі», - дейді, жауаптылар. Жекенің иелігіндегілері болса, қашан жөнделері белгісіз. Ал, қалада әлі 400-ден астам адам пәтер кезегінде тұр.

Авторлары: Дамир Берікұлы, Анатолий Полянный

Хабар 24 телеарнасы