425,82 518.00 5.93
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Семейде уақытылы көмілмеген су құбырының шұңқырына көлік түсіп кетті

  • 228
  • UPD: 22:07, 08.12.2020

Семейдің қазылған орталық көшелері қала тұрғындарын әбден әбігерге салды. Су құбырларын ауыстыру жұмыстарының ұзаққа созылуы әсіресе көлік иелеріне жайсыз болып тұр. Жуырда кедергіні айналып өтпек болған бір көлік шұңқырға түсіп кеткен. Коммуналдық желілерді жөндеу ісі бір жарым ай бұрын тапсырылуы тиіс еді. Алайда қыс бойы созылатын түрі бар.

Мына көлік ымырт үйіріліп, көз байлана бере жөні түзу жол іздеп жүріп шұңқырға түсіп кеткен. Тізгінге ие бола алмаған көлік жүргізушісінің де кінәсі бар. Ащы судан ұрттап алған.

Бұл көшемен күніне мыңға жуық көлік арлы-берлі заулайды. Маусым айында басталған құрылысты жұқа үлбір жіппен ғана қоршап қойған. 

Оралбек Рахметов, қала тұрғыны:

- Жер-дүниені қазып тастады. Уақытында істемеді, ертерек қазса ғой. Қазір жүргізушілерге қиын. Жай адамдар айналар әйтеуір. Ыңғайсыз енді халыққа.

Мердігерлер нысанды бір жарым ай бұрын тапсыруы тиіс болған. Құдықтарды орнатып, желілік арнаның бетін жауып, жолдың бетін тегістеу жұмыстары біразға созылатын түрі бар.

Құралай Дүйсенбаева, қалалық ТҮКШ бөлімінің сектор меңгерушісі:

- Бұл жердегі жұмыстардың біраз кешігу себебі ауа-райының да әсері болды және коронавируске байланысты орнатылатын құралдарды жеткізу кешіктіріліп жатыр. Өйткені олар Қазақстан емес басқа елдерден алып келінетін құралдар. Осы жылдың аяғына дейін нысан құрылысы бітеді.

Су құбырларын жаңғырту жобасы «Жұмыспен қамтудың жол картасы - 2020» бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатыр. Осындай 7 нысанның бесеуі пайдалануға берілді. Тұрғындарды сапалы ауызсумен қамту шараларына 3 миллиард теңгедей жұмсалады.

Қамбар Бекенов, Әсем Өтешева, Медет Өмірханов, Берік Жобалайұлы

Хабар 24 телеарнасы