423,75 504.55 5.80
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Талдықорғанда Бейсен Құранбектің шағын музейі ашылды

  • 386
  • UPD: 15:37, 09.12.2020
Талдықорғанда Бейсен Құранбектің шағын музейі ашылды

Талдықорғанда қазақ журналистикасында өзіндік қолтаңбасын қалдырып, құйрықты жұлдыздай ағып өткен әріптес-ағамыз Бейсен Құранбектің шағын музейі ашылды.

Онда кәсіби тележурналшының әр жылдары түскен суреттері мен көзі тірісінде тұтынған қолсағат, шахмат тақтасы және фигуралары, айкидоға арналған спорттық киімдері мен жабдықтары қойылған. Шағын музейдің ашылу салтанатына жиналған азаматтар Бейсеннің тұлғалық қасиеттеріне тоқталып, халыққа адал қызмет еткенін тебірене еске алды. Ол әр қазақтың басына түскен ауыртпалықты жан-жүрегімен қабылдап, қабырғасы қанша қайысса да, тағдырдың теперішін көрген жандарға барынша жәрдемдесуге тырысатын.

Көзі тірі болса, Бейсен Құранбек дәл бүгін 49 жасын атап өткен болар еді. Оның ізі «Хабар» арнасында да сайрап жатыр. Президенттік пул сапында жүріп, төрткүл дүниенің түкпір-түкпірінен даярлаған әрбір сюжеті арнамыздың алтын қорында сақтаулы тұр. Өз ісінің хас шебері Бейсен Абайұлы Құранбектің есімі жадымыздан ешқашан өшпек емес. Бүгінгі іс шара барысында марқұмды еске алуға арналған Абай оқулары байқауының  жеңімпаздары анықталып, тиісті марапаттарын алды.  

Төлеген Самайұлы, Б.Құранбектің інісі:

 – Көкеміз біздің отбасының ғана мүшесі емес, бүкіл осы Қазақстанның, әрбір отбасының мүшесі болды деп есептеймін. Ол – кісі әрбір қазақтың қара домалақ баласын бауырым деп өткен адам. Еңбегімен, өзінің сондай мейірімділігімен елге сыйлы азамат болды. Осындай мұражай өте керек. Өйткені өсіп келе жатқан әр жаңа буын осы кісіге қарап бой түзесе, өте керемет болмақ.

Хабар 24 телеарнасы