419,66 501.30 5.64
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Шығысқазақстандық полицейлер мен құтқарушылар күшейтілген режимге көшті

  • 151
  • UPD: 21:57, 09.12.2020

Арқан, жанар-жағармай қоры, жылы киім мен телефон қуаттандырғыш міндетті түрде болғаны жөн.

Бұл Шығыс Қазақстан облысы құтқарушыларының автожүргізушілерге берген кеңесі, деп хабарлайды «Хабар 24».

Өйткені қылышын сүйреткен қыс қаһарына мінген сыңайлы. Тоқтаусыз жауған қардан көлік қатынасы қиындады. Өңірдің негізгі жолдарын ақ ұлпа басып қалған. Семей – Өскемен аралығында көліктер соқтығысып, 3 адам зардап шекті.

Облыс орталығы мен Семейде көлік жүргізушілер мен жаяу жүргіншілер қозғалысы қиындап кетті. Семей – Өскемен трассасында Toyota Camry көлігін тізгіндеген 23 жастағы азамат рөлге ие бола алмай қарсы бағытта келе жатқан машинамен соқтығысқан. Жол-көлік оқиғасы салдарынан жүргізуші мен жолаушы түрлі жарақатпен ауруханаға жеткізілді.

Андрей Ларионов, облыстық ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары:

- Ауа райының құбылып, қалың қар жауып, боран соғып, желдің күшеюіне байланысты полиция департаменті көлік жүргізушілерін елді мекен аумағынан шықпауға және жылдамдықты асырмай жүруге шақырады. Егер сапарға міндетті түрде шығу керек болған жағдайда автокөлікте қажетті жабдықтың түгел болу керектігін ескертеміз.

Аймақтық полицейлер мен құтқарушылар күшейтілген жұмыс кестесіне көшті. Қалааралық және республикалық маңыздағы трассаға шығу үшін жол-патрульдік полиция инспекторларының рұқсаты керек. Семейде елуге жақын арнайы техника қар жинауға жұмылдырылды. Аялдама, жерасты өткелдері мен жаяу жүргіншілер жолы да тазаланып жатыр. Қазіргі таңда қала аумағынан 8 мың текше метр қар сыртқа шығарылды. Мамандардың айтуынша күн райы жуық арада өзгермейді.

Думан Икенов, ТЖД қалалық ТЖУ Азаматтық қорғаныс бөлімінің офицері:

- «Қазгидрометтің» мәліметі бойынша 9 желтоқсанда Шығыс Қазақстан облысының кей жерінде боран қатты қар және оңтүстік батыстан соғылған желдің жылдамдығы секундына 15-20 метрге жету жылдамдығы күтілуде. Осыған байланысты Семей қаласының тұрғындары мен қонақтарына алыс жолға шықпауларыңызды сұраймыз. Семей қаласының ТЖБ құтқарушылары жолда қалған жағдайда барлық техникалар және жеке құрам алғашқы көмек көрсетуге дайын.

Айнала ақ түтекке оранған боранды күндері жол жүруді кейінге қалдырған абзал. Ал егер алыс сапардан бас тарту мүмкін болмаған жағдайда табиғаттың тосын мінезіне төтеп беру үшін бес қаруыңызды сайлап шыққан жөн.

Авторлары: Қамбар Бекенов, Әсем Өтешева, Медет Өмірханов

Хабар 24 телеарнасы